Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тергеуге алынған Самат Әбіш Қазақстанда ма: Бас прокуратура жауап берді

Опубликовано:

Самат Әбіш
Самат Әбіш. Фото: ҰҚК-нің ресми сайтынан алынды

Бүгін мәжіліс кулуарында бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев қаңтар оқиғасы кезінде өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген Самат Әбіштің ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев Самат Әбіштің ісі әзірге тергеліп жатқанын айтты. Ол тергеу мүддесіне орай басқа мәліметтерді жариялаған жоқ.

"Іс тергелуде. Не қалай, қашан болғанын нақты айта алмаймын. Негізі білмеймін. Ал Мәсімов, оның орынбасарлары мен Самат Әбіш - арнайы қызметтің қызметшілері. Бұл іс бойынша қосымша ақпарат тек сіз үшін емес, кей құжаттар мен үшін де қолжетімсіз", – деді Шыңдалиев.

Сондай-ақ Бас прокурордың орынбасары Самат Әбіш ешқайда кетпеу туралы қолхат бергенін айтты.

"Ол Қазақстанда. Астанада ма, Алматыда ма, білмеймін. Құқықтық жағдайы қандай екенін білмеймін. Қылмыстық ісі туралы бейхабармын, бірақ оның үстінен қаңтар оқиғасы кезінде қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған деген күдікпен қылмыстық іс қозғалған", – деп қосты Бас прокурордың орынбасары.

Сондай-ақ Әсет Шыңдалиев Самат Әбіштің елден қашып кетуі мүмкін бе деген сұраққа қатысты пікір білдірген.

"Мұны тергеу органдары кейбір мінездемелері мен тергеу әрекеттеріне сүйеніп анықтауы керек. Олар оның қашып кетпейтініне сенімді сияқты. Ол тергеу органдары алдындағы заң бойынша өзіне жүктелген міндеттерін бұзған жоқ деп ойлаймын. Сондықтан оған басқа бір бұлтартпау шарасын қолдану туралы мәселені әзірге қозғаудың қажеті жоқ", – деді ол.

Журналистердің "Назарбаевпен қарым-қатынасы Әбіштің бостандықта болуына әсер етті ме?" деген сауалына Бас прокурордың орынбасары: "Жоқ" деп қысқа жауап берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2038371-tergeuge-alyngan-samat-abis-qazaqstanda-ma-bas-prokuratura-zauap-berdi/

pixel