Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда соққыдан көз жұмған 4 жасар баланың әкесі бұрынғы әйелін жауапқа тартуды талап етті

Жарияланған күні:

Баланың аяғы
Баланың аяғы. Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыда соққыдан кейін көз жұмған төрт жасар баланың әкесі бұрынғы әйелін де қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етті. Айтуынша, баланың өлтірді деп күдікке ілінген 19 жастағы жігіт келіншекпен азаматтық некеде тұрған, хабарлайды КТК арнасы.

Телеарна мәліметінше, баланың әкесі ажырасқан әйелін азаматтық некедегі күйеуіне шаң жуытпай, бауыр еті баласына қамқорлық көрсете алмады деп айыптауда. Әкесіне бүлдіршін өгей адамнан үнемі таяқ жейтінін айтқан.

26 жастағы Ақылбек әйелімен былтыр ажырасқан. Айтуынша, содан бері анасы баласын әкесіне жолатпауға тырысып, бар-жоғы төрт-ақ рет кездестірген. Соңғы жүздесуде бүлдіршін "үйге бармаймын" деп жылап, бөтен еркектің қол көтеретінін айтыпты. Мұны ести сала бұрынғы жұбайына да ескерткен.

"Балам маған "ұрады" деп айтты. Содан мен Әуезов ауданына барып, өз арызымды бердім. Сол кезде шешесі келді. "Балаға қарашы, бала айтып жатыр ғой, бала алдамайды" десем, "төрт жасар бала не демейді" сен ойыңнан шығарып отырсың, мені қызғанып отырсың" деді. "Қайдағы қызғанған, ажырасып кеттік қой, мен баланы ойлап отырмын" деп айттым", - дейді баланың әкесі Ақылбек Дармаханов.

Әкесі баласына қамқорлық көрсете алмаған ананы қылмыстық жауапкершілікке тарту керек деп санайды.

"Туған шешесі қылмысқа кінәлі. Оны 100 пайыз айта аламын. Ол, біріншіден, бала "сырғанақтан құлады" деп жалған ақпарат берген. Екінші, баланың жағдайы нашарлаған соң туған әкесіне мойындады. Өзінің қара басын ойламай, баласын ойлау керек еді ғой. Оны тергесе, бәрін айтады. Оны қазір бостандыққа жіберіп қойған. Өз баласын өлтірген шеше ешкімді аямайды. Сондай топас әйелдер көп. Соларға сабақ болсын деп ойлаймын", - деді көз жұмған баланың әкесі.

Келіншек баласын өлтірді деп күдікке ілінген жас жігітпен Алматыдағы колледждердің бірінде танысқан. Ауыр қылмысқа барған күдікті осы оқу орнын биыл бітіріпті. Білім ордасының басшылығы екі жыл педагог болып жұмыс істеген әйел мен студент арасында болған жақын қарым-қатынасты байқамадық деп отыр.

"Келіншек бізде екі жыл жұмыс істеді, жас маман болып. Энергетикалық пәндерден сабақ берді. Жігіт те біздің түлегіміз. Ол 2023 жылы бітірді. Төрт жыл оқып бітірді. Жаман бала деп айта алмаймын. Екі адамның қарым-қатынасына біздің қатысымыз жоқ. Бастысы, колледждің ішінде емес. Біздің колледжде ондай жағдай орын алып жатқан жоқ. Ары қарай адамның жеке өмірі, немен айналысады, оны біз білмейміз", - дейді Алматыдағы орта білім беретін мекеме директорының орынбасары Тұрарбек Шәріпов.

Айта кетейік, Алматыда бала өлтірді деген күдікпен 19 жастағы жігіт ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамалғанын жазған едік. Қылмыстық істің тергеу барысын Алматы қалалық полиция департаменті басшылығы ерекше бақылауға алған болатын.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2038500-almatyda-soqqydan-koz-zumgan-4-zasar-balanyn-akesi-buryngy-aielin-zauapqa-tartudy-talap-etti/