Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әлияны алғаш көргенде қатты жыладым": Қазақстаннан бала асырап алған америкалықтар өз хикаясын баяндады

Опубликовано:

Далада итпен қыдырып жүрген балалар
Далада итпен қыдырып жүрген балалар. Видеодан кадр: youtube.com/@JibekJolyTV

Қазақстаннан бала асырап алған АҚШ азаматтары баршылық. Солардың бірі - Левит және Макелрой әулеттері. Бір-бірімен етене жақын араласатын қос отбасы қазақстандық балаларды өз қамқорлығына алған. Отбасы мүшелері бұл шешімге қалай келгенін баяндап берді, деп жазады Jybek Joly телеарнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Левит және Макелрой әулеттері бұрыннан етене жақын араласады. Қазақ балаларын бағып алған екі отбасы алғаш рет тұңғыш қыздары бір балабақшаға барған кезде 20 жыл бұрын танысқан. Бүгінде "Шетелдегі қазақ балалары" жобасы қайта кездесуіне себепші болған.

Кэтрин Левит АҚШ-тағы Оңтүстік Атлантикалық штатта тұрады. Ол алғашқы қызын шамамен 2000-жылдары балалар үйінен асырап алған. Әйелдің сөзінше, жақындарының барлығы оның бұл шешімін қолдаған.

"Мен үнемі бала асырап алғым келетін. Неге екенін білмеймін, жүрегімнің қалауы осы болды. Бұл менің өмірлік миссиям сияқты. Тіпті кішкентай күнімде анама "бала асырап алайықшы" дейтінмін. Алты баланы дүниеге әкелген шешем "өскенде өзің асырап аласың" деп айтатын.

Содан әбден пісіп, ниетімді туралап, дайын болғанда құжат жинауға кірістім. Сол кезде Қазақстан шетел азаматтарына бала асырап алуға енді ғана рұқсат беріп жатыр екен. Оның үстіне сол жақта елшілікте істейтін достарым болды. Әйтеуір бәрінің қисыны келе қалды", - дейді Кэтрин Левит.

Кэтриннің тұңғышының есімі - Жанна. Әйелдің сөзінше, ол басында қыз баланың есімін ауыстырғысы келген, бірақ "жан" сөзінің мағынасын білген соң әуелгі есімін қалдыруды жөн көріпті.

"Сөйтіп Орал қаласына бардым. Балалар үйіндегі өңкей дені сап-сау сәбилерді көргенде қатты таң қалдым. Жаннамды сол жерден таптым. Оған басқа есім беремін деп ойлағанмын, бірақ жан сөзінің мағынасын білген соң, атын өзгертуге жүрегім дауаламады. Жанна менің жүрегімді ерітті. Үйге алып келгенде, ол бұрыннан осы үйде менімен бірге тұрған сияқты сезім болды", - деді ол.

Кэтрин Жаннаны Орал қаласындағы балалар үйінен 1 жас 10 айлығында асырап алған. Қазір жасы 24-те.

Әйелдің сөзінше, бірнеше жылдан кейін қызы жалғыз қазақ болмасын деген ниетпен елімізден тағы бір баланы асырап алуға бел буған.

"Қазақстанды көріп, қазақтармен танысқан соң, бұл ел менің бір бөлігіме айналды. Сөйтіп Жанна үйдегі жалғыз қазақ болмасын деген ниетпен бірнеше жылдан кейін Алматыға барып, Анарды алып келдім. Оны Дэйзи деп атадым", - дейді Кэтрин.

Анар, америкалық есімі - Дэйзи қазіргі таңда 21 жаста. Кэтрин оны жеті айлығында Алматыдан бағып алған.

Шамамен 3 жылдан кейін Кэтрин үшінші қызы - Қарлығашты да Алматы қаласынан жеті айлығында асыраған. Оның америкалық есімі - Карли. Қазір ол 18 жаста.

"Бірақ бәрібір бір нәрсе жетпейтіндей жүрегім тынышталған жоқ. Өзім көп балалы үйде өскен соң ба, тағы бір бала асырап алғым келді. Бауырларым да бірден қолдай кетті. "Балаларға біз қарай тұрамыз" деді. Сөйтіп Дейзиді алған балалар үйінен үшінші қызды - Қарлығашты бағып алдым", - дейді көп балалы ана.

Сондай-ақ әйелдің айтуынша, үшінші қызынан кейін ол көп ұзамай тұрмыс құрған. Алайда кенжесі - Әлішер 5-ке толған кезде ажырасып кеткен.

Кэтрин тұрмыста болған кезінде төртінші баласы және тұңғыш ұлы - Әлішерді Қарағандыдан асырап алған. Оның америкалық есімі - Макс. Қазір жасы 13-те.

"Осы үшеуін жеткізіп алайын деп жүрген едім. Арада біраз уақыт өткен соң тұрмысқа шықтым. Жұбайым "Қазақстаннан тағы бір бала асырап алайық" деді. Сөйтіп ұлымыз Максті де сол үйден алдық. Осылайша отбасымызда америкалықтардан қарағанда қазақтар көп болып кетті. Олар шыққан жерін біледі. Қазақ екендерін мақтанышпен айтады", - деді ол.

Телеарнаның мәліметінше, консулдық есепте тұрған асыранып алынған балалардың өмірі еліміздің шетелдегі елшіліктерінің бақылауында. АҚШ-тағы отбасы асырап алған қазақстандық балалар кәмелеттік жасқа толған соң, қай елдің азаматы болатынын өздері таңдауға құқылы.

Осылайша бүгінде Кэтрин төрт бірдей қазақстандық баланың анасы болып отыр.

Ал Вирджиния штаты Гамельтон қаласында тұратын Джин және Дон Макелройлар отбасында төрт адам бар. Ерлі-зайыптының сөзінше, олар ұзақ жылдар бойы балалы бола алмағандықтан бала асырап алуға бел буған.

"Өзім бала көтере алмадым. Содан кейін асырап аламыз деп шештік. Үйленбей тұрған кезімізде өз баламыз болса да бала асырап аламыз дейтін едік. Кәріс досымыз болатын. Ол бізге Кореяға баруға кеңес берді.

Күйеуім жұмыс істейтін компанияда да бір адам сол жақтан бала асырап алған екен. АҚШ-тың ішінде де өтініш беріп қойғанбыз. Бірақ біздің бір достарымыз елдің ішінен бала ала алмады. Сөйтіп біздің де өтінішімізді қайтарып жібере ме екен деп не де болсын, Халықаралық бала асырап алу ісіне кірістік", - дейді Джин Макелрой.

Ерлі-зайыпты барлық құжатты тапсырып, жарты жылдың ішінде үлкен қыздарын алты айлығында Кореядан асырап алған. Олар тұңғыш қыздарына Эмма деген есім берген.

Алайда біраз уақыт өте келе Джиннің ата-анасы ауыр дертке шалдығып, төсек тартып қалғандықтан олар қыздарының ертеңі жайлы алаңдай бастаған. Сөйтіп ерлі-зайыпты қыздары болашақта жалғыз қалмасын деген ниетпен тағы бір баланы асырап алуға шешім қабылдаған.

"Осы бір бала жетеді деп жүрдік. Аяқ астынан әке-шешем қатты ауырып қалды. Әкемнің жүрегі ұстап қалды, ал анамның тыныс алу жолдарына инфекция түскен. Бауырларымның бәрі басқа елде. Қарайтын ешкім болған жоқ. Әкем жансақтау бөлімінде жатты. Бір күні оның қасында отырып, алда-жалда осындай жағдай бола қалса, қызым жалғыз өзі қиналады ғой деп уайымдадым.

Сөйтіп тағы бір бала асырап алайық дедік. Бір таныстарымыз сол кезде Қазақстаннан үш бала бағып алған еді. Оның үстіне Қазақстанда бала асырап алу үшін адамның жасына шектеу қойылмайды екен. Бір жағынан түрі де үлкен қызымыз Эммаға ұқсаса екен дедік", - дейді Джин.

АҚШ тұрғындарының сөзінше, олар екінші қызы - Әлияны Қазақстаннан асырап алғанда әйелдің жасы 44-те, отағасының жасы 47-де болған.

Олардың айтуынша, Әлияның балалар үйіндегі есімі Аида болған. Бірақ олар қыздарына қазақша есім беруді дұрыс санаған.

"Үлкен қызымыздың да кәрісше есімі басқаша болатын. Бірақ оның айтылуы қиын. Сондықтан оған Эмма деген есім бердік. Ал қазақтың Әлиясы Америкаға да жақсы келеді", - деп әзілдейді ер адам.

Джиннің айтуынша, олар екінші қызын асырап алу кезінде біраз қиындықтан өткен. Осылайша құжат жинап жүріп арада екі жыл өткен соң Әлияны да асырап ала алған.

"Әлияны алғаш көргенде қатты жыладым. Күйеуім екеуіміз де қатты жыладық. Бақандай екі жыл күттік. Баланы қолымызға әкеп бергенде күйеуімнің иығына басын қойды да оны қапсыра құшақтап алды. Өте әсерлі сәт болды. Қатты толқыдық. Өзіміз ұзақ жол жүріп келгенбіз. Қанша уақыт сарыла күткеніміз бар.

Соның бәрі шықты-ау деймін. Осы күнге жетпей қаламыз деп қорықтық па, екеуіміз де егіле беріппіз. Өйткені қайта-қайта бір кедергілер шыға берді. Біресе құжат дұрыс болмады, біресе Қазақстан жабық болды. Әйтеуір көп қиындықтан өттік", - деді әйел.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2038541-aliyany-algas-korgende-qatty-zyladym-qazaqstannan-bala-asyrap-algan-amerikalyqtar-oz-xikayasyn-bayandady/

pixel