Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Талғар ауданының әкімі Танат Айдарбеков пеші жоқ тұрғындарға көмек беретінін айтты

Жарияланған күні:

Танат Айдарбековтің қатысуымен өткен баспасөз мәслихаты
Танат Айдарбековтің қатысуымен өткен баспасөз мәслихаты. Фото: NUR.KZ

Осыған дейін түрлі БАҚ беттерінде Талғар ауданы Кеңдала ауылындағы көппәтерлі тұрғын үйлер қыста жылусыз қалуы мүмкін деген ақпарат тараған болатын. Талғар ауданының әкімі Танат Айдарбеков баспасөз мәслихатында пеші жоқ тұрғындарға демеушілер есебінен көмек беретінін айтты.

Осы мәселеге байланысты бүгін аудан әкімі Танат Айдарбековтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Тілшілер қатысқан жиында әкім Кеңдала ауылында блоктық-модульдік қазандықтар (БМҚ) салу үшін жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатқанын айтты.

Аудан әкімінің айтуынша, әзірленетін жобалардың жалпы саны - 19. Оның ішінде А.И. Смыков көшесіндегі № 24, 49, 49а, 53, 59 көппәтерлі үйлерге газ беру үшін БМҚ салу да бар. Қажетті құжат биыл желтоқсанда жасалып бітеді. Жобалардың барлығы бюджет есебінен жүзеге асырылмақ. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2024 жылдың наурыз айында басталады деп жоспарланып отыр.

Танат Айдарбековтің қатысуымен өткен баспасөз мәслихаты. Фото
Танат Айдарбековтің қатысуымен өткен баспасөз мәслихаты. Фото: NUR.KZ

"Талғар ауданы орталықтандырылған жылудан 1998 жылы ажыратылған. Сол себепті кей көппәтерлі үйлер көмірмен, электр қуаты пешімен жылытылып келе жатыр. 2018 жылы Талғарға газ жүйесі келе бастады. Сол уақыттан бері блоктық-модульдік қазандықтар салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ, арада белгілі себептермен үзілістер болған", - деді әкім.

Сондай-ақ әкім тұрғындар шағымданған соң әкімдік мамандары Кеңдала ауылына барғанын да атап өтті. Кездесуде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, мамандар үйлерді аралап шыққан. Нәтижесінде кей пәтерлерде пеш жоқ екені анықталған.

"Тұрғындардың кейбірі биыл газға қосыламыз деп пештерін алғызып тастаған. Біз оларға демеушілер есебінен көмек көрсетеміз", - деді Танат Айдарбеков.

Айта кетейік, Талғар қаласында - 33, Бесағаш ауылында - 2 блоктық-модульдік қазандық бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2038849-talgar-audanynyn-akimi-tanat-aidarbekov-pesi-zoq-turgyndarga-komek-beretinin-aitty/