Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сауд Арабиясында "Әке туралы ой-толғау" кітабының араб тіліндегі тұсаукесері өтті

Опубликовано:

Кітап тұсаукесері
Кітап тұсаукесері. Фото: Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі

"Эр-Рияд-2023" халықаралық кітап көрмесі аясында Қазақстанның Елшілігі Сауд Арабиясы Корольдігі Мәдениет министрлігінің Әдебиет, баспа және аудармалар комитетімен және Әдеби өнер агенттігімен, сондай-ақ "Обейкан" баспасымен бірлесіп Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әке туралы ой-толғау" кітабының араб тіліндегі нұсқасының тұсаукесерін өткізді.

Іс-шара белгілі қазақ жазушысы, отандық әдебиеттегі детективтік жанрдың негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың 100-жылдығына орай ұйымдастырылды.

Іс-шараға САК әдебиет, баспа және аудармалар комитетінің төрағасы Мұхаммед Алуан, Әдеби өнер агенттігінің басшысы Хатем Аш-Шаһри, аталған халықаралық кітап көрмесінің Бас директоры Абдулатиф Әл-Уасил, Қазақстан жазушылары одағының төрағасы Мереке Құлкенов, сондай-ақ бірқатар саудтық баспалардың, СІМ-нің, Сауд Арабиясында аккредиттелген елшілер мен дипломатиялық корпустың, саудтық зиялы қауым мен БАҚ-тың өкілдері, белгілі ақын, жазушылар мен журналистер қатысты.

Қазақстанның Сауд Арабиядағы Елшісі Берік Арын өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» кітабының мазмұны туралы қысқаша айтып беріп, онда автор өзінің ата-анасы, әсіресе әкесі – Қазақстанда кеңінен танымал жазушы, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаев туралы естеліктерімен бөліскенін атап өтті.

Осы тұрғыда Елші көрермендерді жазушы Кемел Тоқаевтың шығармашылығымен және қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесімен таныстырып, оның оқырмандар арасында кеңінен танымал «Түнде атылған оқ», «Арнаулы тапсырма», «Солдат соғысқа  кетті», «Тасқын» және т.б. шытырман оқиғаға толы көптеген повестері мен романдары қызықтылығымен және шынайылығымен ерекшеленетінін атап өтті.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси қайраткер ғана емес, сонымен қатар «Жаһандану дәуіріндегі Қазақстанның сыртқы саясаты», «Қазақстан Республикасының дипломатиясы» және тағы басқа халықаралық саясат саласындағы танымал еңбектердің, «Еңсеру» және «Күн мен көлеңке» атты дипломатиялық очерктердің авторы болып табылатындықтан, Б.Арын «Әке туралы ой-толғау» кітабы сауд және араб оқырмандарын ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанның тарихымен таныстырып, олардың зор қызығушылығын тудыратынына сенім білдірді.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы М.Құлкенов өз сөзінде бұл кітапта ұлының әкесіне деген терең сүйіспеншілігі ғана емес, сонымен қатар қазақ әдебиетіне елеулі үлес қосқан, ұлын көрнекті саясаткер, тәуелсіз мемлекеттің басшысы етіп тәрбиелеп, оның қалыптасуына мүмкіндік берген маңызды тұлға ретінде түсінуге талпынысын да көрсетті деп атап өтті.

Сонымен қатар, ол әкесінің қиын да қайғылы тағдырын, сол зар-замандағы тар жол тайғақ кешіп, мұз жастанып, қар жамылып өткен буын өкілінің бейнесін, сондай-ақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының қалыптасуының ең қиын кезеңін сипаттау өте сергек оқырман назарынан тыс  қалмайтынына сенім білдірді.

«Әке туралы ой-толғау» кітабын қатысушылар үлкен қызығушылықпен қабылдады. Сауд зиялылары мен БАҚ, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері Қазақстан басшысының әдеби шығармашылығымен танысуға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдірді. Сөз сөйлеген қонақтардың пікірінше, кітап Қазақстан Президентін жаңа қырынан, өз ата-анасын сүйетін және олар туралы естеліктерін қастерлейтін ұл ретінде ашады. Сонымен қатар, олардың пікірінше, бұл кітап Кемел Тоқаевтың шығармашылығына деген қызығушылықты оятады, сондықтан оның детективтік романдарының аудармасын жүзеге асыруға кірісу қажет.

Қатысушылар кітаптың аудармасы Қазақ-Сауд достығының беріктігін көрсеткен екі елдің мәдени саладағы жемісті ынтымақтастығының айқын үлгісі болғанын атап өтті.

Сауд оқырмандары бұл аудармадан кейін екі ел халықтарының өзара танысуы мен мәдени жақындасуын тереңдетуге септігін тигізетін қазақ  қаламгерлерінің басқа да шығармаларының аудармалары шығатынына үміт білдірді.

Эр-Рияд халықаралық кітап көрмесі 1976 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді және Таяу Шығыстағы ең ірі кітап көрмелерінің бірі болып табылады. Биыл 28 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтіп жатқан кітап көрмесіне араб әлемінен, Азия, Америка, Еуропа және Африканың 32 елінен 1800-ден астам аймақтық және әлемдік баспалар қатысуда, ал күн сайын келушілердің саны 100 мың адамнан асады.

Көрме аясында түрлі елдердің жазушылары мен ақындарының қатысуымен авторлық әдебиет және поэзия кештері, мастер-кластар, семинарлар, конференциялар, мәдениет, әдебиет және өнер бойынша дәрістер, музыкалық байқаулар мен театр қойылымдары, балаларға арналған арнайы іс-шаралар өткізіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2039188-saud-arabiyasynda-ake-turaly-oi-tolgau-kitabynyn-arab-tilindegi-tusaukeseri-otti/

pixel