Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында тағы бір мектепте ата-аналар мерзімі өтіп кеткен азық-түлік берілді деп шағымданды

Опубликовано:

Тамақтанып отырған оқушы
Тамақтанып отырған оқушы. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Алматы облысындағы Тұздыбастау ауылындағы ата-аналар мектеп асханасында жарамдылық мерзімі өтіп кеткен айран тауып, видеоға түсіріп алған. Аспаздар оны оқушыларға бермегенін айтты, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, Алматы облысына қарасты Тұздыбастаудағы № 13 орта мектептің тамақтану орнынан мерзімі өткен 60-қа жуық айран анықталған.

Білім ордасына бас сұққан ата-аналар мектеп асханасындағы мерзімі өтіп кеткен азық-түлікті видеоға түсіріп алған. Мәселенің барын білген олар мектеп басшылығымен бірге комиссия құрған.

"Біз асханаға шағымданғанбыз, былтыр да шағым айттық. Ата-анада барлық сурет бар. Бәліштердің, пиццалардың іші қандай, сырты қандай, бәрінің суреті бар. Былтыр ешқандай шара қолданылмады. Жалға алған аспаздар биыл қайтадан жұмыс істеп жатыр. Биыл да айранның мерзімі өтіп кеткен. Мен итке ондай айран бермеймін. Неге балалар ішуі керек? Үкімет балаға ақша бөлді, дұрыс тамақ берілсін", – деді ата-ана Эльмира Шойбекова.

Телеарна мәліметінше, асхана қызметкерлері тілшілер келгенде, азық-түліктерді тыға бастаған.

"Пакетке саламын да шығарып тастаймын. Оны қыздар "обал, таза ғой" деп тоңазытқышқа салып қойған. Мен байқамай да қалыппын. Мерзімі өтіп кеткен айран тоңазытқышта тұр, ал басқасына тапсырыс беріп үлгермедім. 60 қораптағы айранды шығарып тастадық, балаға берген жоқпыз", – деді аспаз Назира Қилыбаева.

Телеарнаға арызданған ата-аналар асханада қоқыстан шыққан тамақты қайта жылытып беруі мүмкін деген айып тағып отыр. Ал мектепте күніне 1400 бала асханадан тамақтанады.

Білім ордасының басшылығы олқылықтан хабардар. Десе де, білім бөліміне хат жазумен шектелген.

"Акт жасалып, 7 адамнан құрылған комиссия, ата-аналар қол қойылды. Білім бөліміне ескертілді", – деді № 13 орта мектептің директоры Мадияр Азанбаев.

Талғар ауданының білім бөлімі шағым түскен асхананың жалға алушыларына тек ауызша ескерту бергенін айтты.

"Тұздыбастау ауылындағы №13 мектепте аталған кемшіліктер бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Асхананы жалға алушы медігермен сөйлестік", – деді Талғар ауданы білім бөлімінің бас маманы Гүлім Қайратқызы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2039631-almaty-oblysynda-tagy-bir-mektepte-ata-analar-merzimi-otip-ketken-azyq-tulik-berildi-dep-sagyndandy/

pixel