Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"800-ден астам мектепте мүлде асхана жоқ": депутат Оқу-ағарту министрінен мәселе қалай шешілетінін сұрады

Опубликовано:

оқушылар
Алма ұстап тұрған оқушылар. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтуға қатысты сұрақ қойды. Депутаттың сөзінше, бүгінгі таңда елдегі 800-ден астам мектепте асхана мүлде жоқ, 300-ге жуық мектепке ыстық тамақ қоғамдық тамақтану орындарынан жеткізіледі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жұлдыз Сүлейменова сала басшысына мектептегі тамақтануға қатысты бірнеше сауал қойды. Депутатты мүлде асханасы жоқ мектептерге жеткізілетін тамақтың сапасы алаңдатады.

"Биылғы оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылсын деген міндет қойылды. Бұл қоғам тарапынан өте жоғары қолдау тапты. Өйткені ел бойынша 1,5 млн бүлдіршін тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр. Бірақ сайлаушылар тарапынан аталған тапсырманың орындалуына қатысты сын өте көп. Біріншіден, бүгінгі таңда 800-ден астам мектепте асхана мүлде жоқ, олардың ішінде 303 мектепке буфеттік тамақ ұйымдастырылыпты. 288 мектепке бейімделген асханалардан, қоғамдық тамақтану орындарынан кейтеринг жүйесі арқылы тамақ жеткізіледі деп көрсетілген сіздердің берген жауапта. Қоғамдық тамақтану орындарынан жеткізілетін тамақтың сапасын кім қадағалайды, төтенше жағдай орын алса оған кім жауап береді?", - деп сұрады министрден депутат.

Депутат сондай-ақ тамақ бағасының әр өңірде әркелкі екенін атап өтті.

"Бүгінгі таңда баға әртүрлі, 400-1500 теңге аралығында. Осы бағаны біріздендіру үшін не істейсіздер?", - деді депутат.

Осы ретте депутат Жұлдыз Сүлейменова және министр Ғани Бейсембаевтың елдегі асханасы жоқ мектептер саны бойынша деректері әртүрлі болып шықты. Министр республикада 591 мектепте асхана жоқ екенін алға тартады. Ал тамақ сапасына қатысты Ғани Бейсембаев мониторинг тобы құрылып, аймақтарда тексеру жұмысы жүріп жатыр деп сендірді.

"Асханадағы тамақтың сапасын арттыруға қатысты бұған дейін де тиісті бұйрықтар қабылданған. Биыл министрліктің 598-бұйрығы және Денсаулық сақтау министрлігінің 503- бұйрығына тиісті өзгерістер енгізілді. Бүгінгі таңда сол бұйрықтардың орындалуын қадағалау бағытында мониторинг тобы құрылып, бүкіл аймақта тексеру жұмыстары жүргізіліп отыр. Оның нәтижесі жуық арада талқыланып, тиісті шара қабылданатын болады.

Асханасы жоқ мектептерге байланысты - біздің мәліметіміз бойынша аймақтарда 591 мектепте асхана жоқ. Осы асханаларды тамақпен қамту бағытында буфеттік және кейтеринг жүйесі бойынша тамақтандыру ұйымдастырылуда", - деді Ғани Бейсембаев.

Министрдің сөзінше, бұл Денсаулық сақтау министрлігінің де бұйрықтарына енгізілген. Ал мектептерге жапсарлас асханалар салуға байланысты министр барлық өңірде тиісті жол картасын қабылдау туралы ұсыныс берілгенін атап өтті.

"Ол бағытта жұмыс жүргізілуде. Бұл жерде мәселе көбіне шағын жинақты мектептер болып отыр. Оларда балалар саны аз. Бұл мәселеге жіті зерттеулер жүргізіп, тиісті шаралар қабылданады", - деді ол.

Ал тамақ бағасын біркелкі ету бойынша министр нақты қандай жұмыс атқарылып жатқанын айтқан жоқ.

Еске салсақ, бүгінгі таңда бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтуда ең жоғары баға Алматы қаласында - 840 теңге, одан соң Ақмола облысында - 750 теңге, ал ең төменгі баға Қарағанды облысында - 480 теңге.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2040498-800-den-astam-mektepte-mulde-asxana-zoq-deputat-oqu-agartu-ministrinen-masele-qalai-sesiletinin-surady/

pixel