Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Президент мемлекеттен қаржыландырылатын спорт федерацияларын тексеруді тапсырды

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылармен кездесуде
Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылармен кездесуде Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдап, спорт саласына қатысты бірқатар маңызды мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы жуық арада спортты дамыту үшін қабылдануға тиіс нақты шараларға тоқталды, деп хабарлайды Ақорда.

Президенттің айтуынша, ең алдымен, кәсіби спорт түрлеріне бөлінетін қаражаттың қайтарымын түбегейлі арттыруға көңіл бөлген жөн. Өңірлердің ерекшеліктеріне сәйкес нақты спорт түрлеріне баса назар аударып, қаржыны негізсіз жұмсау тәжірибесін тоқтату қажет. Сонымен қатар бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамытуға көңіл бөле отырып, аталған саланы қаржыландыру моделін қайта қараған дұрыс.

Президент спорт саласын басқару сапасын жақсартуды келесі басымдық ретінде атап өтті.

Азия ойындарының жүлдегерлері
Азия ойындарының жүлдегерлері Фото: Ақорда

"Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық олимпиада комитеті (ҰОК) және федерациялар арасында үйлесім жоқ. Спортты басқару институттарының қызметі мен өзара ықпалдастығына қатысты бүкіл жүйені қысқа мерзімде қайта қарау қажет. ҰОК-нің қызметін жетілдіру ісіне де назар аудару керек. Туризм және спорт министрлігі, ҰОК және федерациялардың жұмысын үйлестіруді түбегейлі жолға қою керек. Тиімді байланыстың, ықпалдастықтың және өзара жәрдемдесудің болмауы жақсы нәтижеге жеткізбейді, яғни, жеңіліске әкеп соқтырады. Париж Олимпиадасы қарсаңында мұндай келеңсіздікке жол беруге болмайды. Мемлекеттің бюджетінен қаржыландырылатын спорт федерацияларының қызметіне ревизия жасау қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Азия ойындарының жүлдегерлері
Азия ойындарының жүлдегерлері Фото: Ақорда

Президент ұлттық құраманың дайындық деңгейін арттыру мәселесін негізгі міндеттің бірі ретінде атады

Мемлекет басшысының пікірінше, атлеттеріміздің жоғары деңгейде дайындалуы үшін спорт медицинасы мен фармакология бағытындағы заманауи инфрақұрылыммен жабдықтау маңызды. Бұл жерде Ұлттық спорт университеті негізгі рөл атқарады. Сондықтан оның құрылысын жылдамдату керек. Спорт саласында әлемдік деңгейдегі төрешілерді дайындауға күш салу қажет. Сондай-ақ жаттықтырушылар мен басқа да спорт мамандарының жалақысын көтеріп, қосымша әлеуметтік қолдау шараларын қабылдаған жөн.

Азия ойындарының жүлдегерлері президенттің қабылдауында
Азия ойындарының жүлдегерлері президенттің қабылдауында Фото: Ақорда

Тоқаев спортшылардың резервін даярлау мәселесіне арнайы тоқталып, Үкімет пен әкімдер дарынды әрі болашағынан зор үміт күттіретін атлеттерге қолайлы жағдай жасауға тиіс екенін айтты.

"Елімізде үздік нәтижеге қол жеткізу үшін барын салып, еңбек етуге әзір қыз-жігіттер жеткілікті. Легионерлерге иек арта бермей, өзіміздің спортшыларға жол ашуымыз керек. Фаворитизм мен әділетсіздіктің кез келген түріне тосқауыл қойып, іріктеудің ашық және шынайы өткізілуін қамтамасыз ету аса маңызды. Халықаралық жарыстарда ел намысын үздіктердің үздігі ғана қорғауы керек. Отандық спортта әділеттілік қағидаты мен бәсекенің шынайылығы бірінші орында тұруға тиіс", – деді президент.

Сонымен қатар жиында 2023 жылғы XIX жазғы Азия ойындарының стенд атудан екі дүркін жеңімпазы және қола жүлдегері Әсем Орынбай, каноэ және байдарка есуден XIX жазғы Азия ойындарының жеңімпазы және күміс жүлдегері Сергей Емельянов, еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан, каратэден XIX жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Нұрқанат Әжіқанов, нысана көздеу спортынан ұлттық құраманың бас бапкері Ольга Довгун сөз сөйледі.

Әсем Орынбай сөз сөйлеуде
Әсем Орынбай сөз сөйлеуде Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы сөзінің соңында өткен жарыстардағы олқылықтардан нақты сабақ алып, алдағы Париж Олимпиадасына тыңғылықты дайындалуға шақырды. Президент спортшыларға және бапкерлер корпусының жұмысына табыс тіледі. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар спортшыға Қазақстан Республикасы президентінің құрмет грамоталарын табыстады.  

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2040536-prezident-memleketten-qarzylandyrylatyn-sport-federaciyalaryn-tekserudi-tapsyrdy/

pixel