Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Заманауи вагондарға мінетін күн туа ма?": Мақсат Толықбай мәжілісте елдегі теміржол мәселесін көтерді

Опубликовано:

теміржол вокзалы
Теміржол вокзалындағы жолаушылар. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мақсат Толықбай Көлік министрі Марат Қарабаевқа елдегі жолаушылар пойызы вагондарының жартысынан астамы тозғанын айтып, олардың қашан жаңартылатынын сұрады. Депутат 2030 жылға дейін вагондар толық жаңаратынына күмән келтірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мақсат Толықбай елдегі вагондардың көбі ескі екенін тілге тиек етті. Оның сөзінше, оларды жаңалау жұмысы соңғы 26 жылда баяу жүрген. Депутат 2030 жылға дейін вагондарды толық жаңарту министрліктің қолынан келетініне күмән келтірді.

"Елдегі теміржолда қашан тәртіп орнайды? 30 жылдың ішінде теміржолды тек табыс көзіне айналдырған бұрынғы басшылардың тек қаржы табумен айналысқанын біз жақсы білеміз. Сол ескі Қазақстан өкілдері сөлін сорып бізге тек қаңқасын қалдырды. Айта-айта жақ талды. Жылдағы жыр, сапа болса нөл. Кеңес заманынан қалған ескі вагондар сүйретіліп әлі жүр. Теміржол паркінің 60 пайызының тоз-тозы шыққан. Министрлік 2030 жылға дейін жарылқаймыз дейді. 26 жылда жарытпаған саланы 7 жылда жарылқайды дегенге жан баласы сенбейді. Өйткені үнемі айтатындары ертегі. 2030-ға дейін қалған вагондардың 80 пайызы тозып, екі қолды мұрнымызға тығып отырмайтынымызға кепілдік бере аласыз ба, министр мырза?", - деп сұрақ қойды депутат.

Депутат сондай-ақ өз сауалында жаз мезгілінде пойызға билет тапшы екенін атап өтті.

"Терезесі ашылмайтын, кондиционерлері істемейтін, қабырғасында тарақандар жүретін ескі вагондардың өзіне жаз мезгілінде билет таппайсың, тапсаң қымбат. Біз жыл сайын билетті субсидиялауға сытырлатып миллиардтарды санап береміз. Пойыздардың кестеден кешігуін айтпай-ақ қояйын, біз үшін үйреншікті жайт. Сөйте тұра туризмді түлетеміз дейміз. Тоқ етері мынау - ескі Қазақстанның мұрасы болып қалған теміржол мәселесін қашан шешесіздер, 26 жыл күттік, әлі қанша күтеміз? Заманауи вагондарға кезексіз тиімді бағада мінетін күн туа ма?", - дейді ол сөз соңында.

Жаңадан құрылған Көлік министрлігіне басшы болып келген Марат Қарабаев депутат сауалына сандармен жауап берді. Министр елдегі вагондардың тең жартысы тозғанын мойындап отыр.

"Жалпы қазір ел бойынша 2567 вагон жұмыс істеп тұр, олардың тозу деңгейін өзіңіз де атап өттіңіз. 49 пайыз. Қашан оны жаңартамыз деген сұрағыңызға келсек, биыл 50 жаңа вагон алдық, қол қойылған келісімшарт бойынша келесі жылы тағы 100 вагон болады, қосымша 157 вагон алуды пысықтап жатырмыз. Сонда биыл және алдағы жылы 304 жаңа вагон, одан басқа 2025 жылдан бастап тағы да Еуропадағы ең заманауи Штадлер компаниясының 537 вагоны әкелінеді. Сонда 2567 вагонға (әрине тозу деңгейі бар) 804 жаңа вагон қосылады, тағы да қосымша вагондарды әкелу жұмысын пысықтайтын боламыз" - дейді Марат Қарабаев.

Министрдің сөзінше, соның нәтижесінде вагондардың орташа жасы 18-ден 13-ке дейін төмендейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2040539-zamanaui-vagondarga-minetin-kun-tua-ma-maqsat-tolyqbai-maziliste-eldegi-temirzol-maselesin-koterdi/

pixel