Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бұларыңыз өтіріктеу": депутат Ринат Заитов үкімет жоспарлаған іс-шаралар орындалатынына сенбейтінін айтты

Опубликовано:

Ринат Заитов
Ринат Заитов. Видеодан кадр: Youtube/ ҚР Парламенті Мәжілісі

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова елдегі түйткілді мәселелерді шешу үшін үкіметте атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Осы орайда депутат Ринат Заитов Тамара Дүйсеновадан жоспарлап отырған істер орындалмай қалса жауапкершілік кімнің мойнында болатынын сұрады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Депутат Ринат Заитов премьер-министр орынбасарының баяндамасында аталған мәселелер шешіледі дегенге сенбейтінін айтты.

"Тамара Қасымқызы, сіз өзіңіздің баяндамаңызда барлық жоспарланған жұмыс үкіметтің бақылауында екеніне сендіргім келеді дедіңіз. Мен де сенгім келеді. Бірақ сене алмаймын. Өйткені өз сөзіңізде депутаттардың ұсынысы ескерілді дедіңіз. Менің сөзімді қаперіне алып жатқан министрлік өкілін әлі күнге көргенім жоқ. Анау күні ең болмаса МӘМС-ті тоқтата тұрайық дедім. Оны ешкім ескермеді. Бір апта бұрын Ақтоғай елдімекенінде ауруханаға жете алмай 1994 жылғы жігіт қайтыс болды", - деді депутат.

Сондай-ақ Ринат Заитов 2027 жылға дейін елдімекендер газбен қамтамасыз етілетініне де күмән келтірді.

"Бұған мүлде сенбеймін. Себебі Алматы облысы Бақанас елдімекенінде осыдан үш жыл бұрын газ құбырын тартып қойған, құбыр шіри бастады, газ әлі жоқ. Екі жылда жүздеген ауылды сумен қамтамасыз етеміз дедіңіздер. Бұларыңыз да өтіріктеу. Өйткені Аягөз ауданындағы қарапайым үш ауылды сумен қамтамасыз ете алмай отырғандарыңызға 10 жылдан асып кетті", - дейді ол.

Одан бөлек депутат баяндамада айтылған "Жайлы мектеп" жобасы бойынша 369 мектеп салынатынына және Алматы-Астана тас жолы құрылысының келер жылы аяқталатынына сенбейтінін айтты.

"Алматы-Астана тас жолы келесі жылы бітеді дейсіздер, Қалбатау-Майқапшағай тас жолының бітпей жатқанына қанша жыл болғанын білетін шығарсыздар. Осы орайда сұрақ, құрметті Тамара Қасымқызы, сіздердің жоспарлап отырған істеріңіз орындалмай қалса, жауапкершілікті кім алады мойнына, сіз аласыз ба, кім алады, нақты фамилиясын айтыңызшы" - деп сұрақ қойды депутат.

Бұл ретте үкімет басшысының орынбасары депутат атап өткен мәселелерге жеке тоқталып, оған тиісті сала министрлері жауап бергенін айтты.

"Үкімет тарапынан ешқандай жұмыс істеліп жатқан жоқ деп айтуға болмайды ғой. Қазіргі мен айтқан мәселелер бойынша мына менің жанымда отырған әріптестерім қандай жұмыстар атқарылғанын айтты. Сондықтан мәселе шешілмей жатыр, ешнәрсе қаралмай жатыр деп айта алмаймыз. Бірақ жұмыс бар жерде кемшілік бар, адам бар жерде кемшілік бар. Барлық жерде керемет жұмыс істеп жатырмыз деп айта алмаймыз", - деді Тамара Дүйсенова.

Премьер-министр орынбасарының сөзінше, МӘМС жөнінде сала басшысы Ажар Ғиният алдағы уақытта заңға өзгеріс енгізу бойынша депутаттардың алдына келеді.

"Бізде екі түрлі пакет бар. Жалпы халық кепілдендірілген пакет, сақтандыру пакеті не екенін ара жігін біліп отыратын болады, қайсысы қай фондтан төленетінін көріп отыратын болады. Сіздердің алдарыңызға заңмен келетін боламыз", - деп жауап берді бұл сұраққа вице-премьер.

Тамара Дүйсенова 369 мектептің салынатыны нақты екенін айтты.

"Оған кәміл сендіруге болады. Себебі, біріншіден, ол - ұлттық жоба, екіншіден, бұл туралы мемлекет басшысының өзі тапсырма берген, қажетті қаражат мемлекеттен, бюджеттен қарастырылған. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша жергілікті жерлерде жұмыс істеп жатыр", - деді Дүйсенова.

Ал депутаттың негізгі сұрағы осы жоспарланған істер орындалмай қалса жауапкершілікті кім алатыны туралы болатын. Тамара Дүйсенова жауапкершілік әр министрдің мойнында екенін айтты.

"Құрметті әріптестер, бүгін сіздердің алдарыңызда үкіметтің 18 мүшесінің 15-і отыр. 3-4 вице-министр келіп отыр. Мемлекет басшысы да, үкімет басшысы да әрбір министрдің өзінің саласы үшін жауапты екенін белгілеген. Сондықтан да қаражат бөлінген, құқық берілген, функциясы қолында. Жұмыс істеуі керек. Әр министр сіздердің алдарыңызда жауап береді", - деді Тамара Дүйсенова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2040578-bularynyz-otirikteu-deputat-rinat-zaitov-ukimet-zosparlagan-is-saralar-oryndalatynyna-senbeitinin-aitty/

pixel