"Емізік жұтып қойған": жамбылдық дәрігерлер 9 айлық нәрестені аман алып қалды
Жарияланған күні:
Жамбылдық дәрігерлер емізік жұтып қойған 9 айлық нәрестеге шұғыл ота жасап, аман алып қалды. Бұны Жамбыл облыстық Денсулық сақтау басқармасы Instagram-дағы ресми парақшасында хабарлады.
Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, облыстық көпбейінді балалар ауруханасына 9 айлық нәресте ауыр халде жеткізілген. Анасының айтуы бойынша, бала үйінде ойнап жүріп, кенеттен есінен танып құлап, басынан жарақат алған.
"Біршама уақыттан кейін нәрестеде лоқсу, көпреттік құсу пайда болып, ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер шағымдарды ескере отырып, 9 айлық баланы бас-ми жарақаты диагнозымен нейрохирургия бөлімшесіне жатқызды. Бірақ қаншама ем-дом жүргізілсе де, нәрестеден өзгерістер байқала қоймаған соң, оны жедел түрде хирургтар да қарап, арнайы инструментальды зерттеу жүргізді", - деп хабардар етті облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан.
Дәрігерлер арнайы зерттеу нәтижесіне байланысты нәрестеге "Жедел ішек өтімсіздігі" диагнозын қойған.
"Баланың ойнап жүріп, аузына емізікті салып, жұтып қойғаны белгілі болды. Сөйтіп, шұғыл түрде нәрестенің құрсақ қуысына ота жасалды", - делінген хабарламада.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы нәресте отадан кейінгі алғашқы тәулікте жансақтау бөлімінде болып, қазіргі уақытта ота бөлімшесінде ем қабылдап жатқанын мәлімдеді.
Дәрігерлер осындай жағдай орын алған жағдайда, уақыт жоғалтпай, бірден емдеу мекемесіне алып бару керек екенін ескертіп, балаларға жұтып қоюы мүмкін заттарды бермеуге, ұсақ-түйек заттармен оларды ойнатпауға және назарда ұстауға кеңес береді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2040961-emiziti-zutyp-qoigan-zambyldyq-darigerler-9-ailyq-naresteni-aman-alyp-qaldy/