Смадияров Израильде қалған қазақстандықтар қалай эвакуацияланатынын айтты
Жарияланған күні:
Читать на русском16 қазанда Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствоның брифингінде қазақстандықтарды Израильден эвакуациялау жоспары туралы айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Айбек Смадияровтың айтуынша, Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарды қақтығыс болып жатқан аймақтан алып шығу шараларын ұйымдастыруды қолға алып жатыр.
"Бұл мәселені шешу үшін Қазақстанның Израильдегі, Мысырдағы және Иорданиядағы елшілігі жұмылдырылған. Биыл 16 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанның Израильдегі елшілігіне 100-ден астам Қазақстан азаматы елден кетуге көмектесу туралы өтінішпен жүгінген. Қазақстандықтардың жартысы дипломаттардың көмегімен елден өз күшімен кете алды", – деп қосты ол.
Оның айтуынша, осылайша кеше Қазақстанның Израильдегі елшілігінің көмегімен 19 отандасымыз елге ұшып кеткен, оның ішінде Израильде арнайы бағдарламалар бойынша оқуға барған 15 бала да бар.
"Азаматтардың елден қауіпсіз кетуін қамтамасыз ету үшін дипломаттар Израильдің әр түрлі аймағынан қазақстандықтарды тікелей әуежайға тасымалдауды жүзеге асырды. Қазақстанның Израильдегі елшілігі отандастарымызды (Қазақстанға – ред.) жөнелтіп, әуе билеттерін сатып алуға қатысты мәселелерді шешуге көмектесуді жалғастырып жатыр. Тель-Авив Халықаралық әуежайы қалыпты режимде жұмысын жалғастыруда", – деді Айбек Смадияров.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін, 16 қазанда Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствоның брифингінде Израильде атыс салдарынан Қазақстан азаматы зардап шеккені туралы тараған ақпаратқа қатысты пікір білдіргені туралы жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2041213-smadiyarov-izrailde-qalgan-qazaqstandyqtar-qalai-evakuaciyalanatynyn-aitty/