Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ІІМ өкілі Республика күні митингке шығуға шақырып жатқан үндеулерге қатысты пікір білдірді

Опубликовано:

полиция қызметкері
Полиция қызметкері. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Желіде қазақстандықтарды 25 қазан – Республика күніне орай митингке шығуға шақырып жатқан үндеулер таралуда. Бұған қатысты Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Брифингте БАҚ өкілі вице-министрден желіде тараған полиция көліктерінің колоннасы бейнеленген видеоға қатысты пікір білдіруін сұрады. Желі қолданушылары мұны "митингіге дайындық" деп топшылауда.

Игорь Лепеха бұл видеоны көрмегенін, сондықтан видеоның қай уақытта түсірілгенін және көліктердің қайда бара жатқаны туралы ештеңе айта алмайтынын жеткізді.

"Бірақ бізде білесіздер ғой, егер әскери колонна бір жаққа бағыт алса, соғыс басталды деп топшылайды. Ал полицей колоннасын көрсе, митингке қатысушыларды тарату үшін деген пікір туындайды. Бірақ мен бұл видеоның қашан түсірілгенін және колоннаның қайда бағыт алғанын білмеймін.

25-і бізде ұлттық мереке. Әрине, оған дайындалып жатырмыз. Біз күшейтілген режимде жұмыс істейтін боламыз. Қазір әкімдіктерден өтетін барлық шара туралы сұрап жатырмыз. Біз тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеміз", дейді ол.

Сондай-ақ брифингте ІІМ өкілі әлеуметтік желілерде митингке шығуға шақырып жатқан үндеулердің қаншалықты заңды екені жайлы сұраққа жауап берді.

"25-іне қатысты үндеулерге келсек, ҚДТ мүшелері шақырып жатқан үндеулер бар. Бұл – елімізде қызметі заңсыз деп танылған экстремистік ұйым, біз ешқандай митингтің өтуіне жол бермейміз. Ол бірінші мәселе.

Екіншіден, (митинг өткізуге – ред.) өтініш берген басқа азаматтардың өтінішін жергілікті атқарушы органдар қарайды. Бізде алдын ала хабарлау тәртібі бар, олар митинг өткізетіні туралы хабарлағаннан кейін оның өтетін орны мен мақсаты заңға қайшы болмаса, рұқсат етіледі.

Бұл жерде біз жергілікті атқарушы органдармен пысықталған мәселелерді қарастыратын боламыз. Рұқсат етілгенге жауапты боламыз. Ал тыйым салу бойынша міндетті түрде алдын алу шараларын қабылдаймыз", дейді Игорь Лепеха.

Вице-министр митингке шығуға шақыру үндеулері әр түрлі болуы мүмкін, егер олар алауыздық тудырса немесе тәртіп бұзуға шақырса, Ішкі істер министрлігі мұндай үндеулерді бей-жай қалдырмайтынын атап өтті.

"Басқа үндеулер бойынша, егер азаматқа адамдарды жинау қажеттілігі туындаса әрі ол заң нормаларын сақтап, тәртіп бұзбаса, бұл – оның заңды құқығы", деп түйіндеді сөзін ІІМ басшысының орынбасары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2041354-iim-okili-25-qazan-respublika-kunine-orai-mitingke-syguga-saqyryp-zatqan-undeulerge-qatysty-pikir-bildirdi/

pixel