Келер жылдан бастап кей әлеуметтік жәрдемақының мөлшері артады
Жарияланған күні:
![Қағаз ақша және тиын Қағаз ақша және тиын](https://cdn.nur.kz/images/1200x675/d693130a7548a999.jpeg)
2024 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда еңбекке қабілеттіліктен айырылу мен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері артады, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі Telegram-дағы ресми арнасында.
Тиісті қаулыға премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойды.
"Атап айтқанда, құжатта 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттіліктен және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша тағайындалған әлеуметтік төлемдерді 7 пайызға арттыру көзделген", – делінген хабарламада.
Аталған жәрдемақы еңбекке қабілеттілікті жоғалтқан 87 мыңға жуық адам үшін және асыраушысынан айырылған 59 мың отбасы үшін бағытталған.
Бұл мақсаттарға қосымша 5 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады.
Сондай-ақ министрлер кабинетінің баспасөз қызметі Әлеуметтік кодекске сәйкес, Қазақстан үкіметі еңбекке қабілеттіліктен және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша берілетін төлемдердің мөлшерін жыл сайын арттырып отыратынын еске салды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2041901-keler-zyldan-bastap-kei-aleumettik-zardemaqynyn-molseri-artady/