Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Оралда Республика күніне орай "Қыран елім – Қазақстан!" патриоттық форумы өтті

Опубликовано:

"Қыран елім - Қазақстан" атты патриоттық форум
"Қыран елім - Қазақстан" атты патриоттық форум. Фото: БҚО әкімдігі

Оралда Республика күнінің қарсаңында "Қыран елім – Қазақстан!" атты патриоттық форумы өтті.

"Атамекен" өнер ордасына келген мыңнан астам көрермен форум басталмай тұрып-ақ әрқайсы көк туды желбіретіп, патриоттық әндерді бірге шырқады. Олар – студенттер мен әр салада табысты еңбек етіп жүрген жас мамандар.

Форум өнерпаздардың театр қойылымымен бастады. Онда талай зұлмат заманды бастан өткерген қазақ халқының тағдыры бейнеленді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, олар бұл қойылым арқылы жас ұрпаққа тәуелсіздік бағасын түсіндіргісі келген.

Кейін облыс әкімі Нариман Төреғалиев жастарды ұлттық мерекемен құттықтап, мемлекет тарапынан оларды қолдауға бағытталған шаралар легіне тоқталды.

"Қыран елім - Қазақстан" атты патриоттық форум
"Қыран елім - Қазақстан" атты патриоттық форум. Фото: БҚО әкімдігі

"Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы жастарды қолдауға ерекше басымдық беріп отыр. Облыс халқының 19 пайызын жастар құрайды. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы шеңберінде жастарға мемлекеттік гранттар қарастырылып, 2022 жылы 118 млн теңгеге 26 жоба мақұлданды. 2023 жылы 238 жас кәсіпкерге несие беру жоспарланып, 1 млрд 190 млн теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда 176 жасқа несие берілді. Алдағы уақытта облыс жастарына арнайы тұрғын үй бағдарламасын ашу жоспарлануда", – деді аймақ басшысы.

Форум барысында облыс әкімі "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантын иеленген 10 адамға 500 мың теңгенің сертификатын табыстады. Қаржылай қолдауға ие болған жастар – ғылым, мәдениет, медиа және кәсіпкерлік салаларына қатысты жобалардың авторы.

"Қыран елім - Қазақстан" атты патриоттық форум
"Қыран елім - Қазақстан" атты патриоттық форум. Фото: БҚО әкімдігі

"Мен күнделікті тұрмыста киетін киімдерді ұлттық нақышта шығаруды қолға алдым. Бұл біздің төл болмысымызды, этнографиялық ерекшелігімізді көрсетіп тұрады. Грант қаражатын DTF аппаратын сатып алуға жұмсаймын", – дейді грант иегері Айзада Биялиева.

Жайық өңірі – республика бойынша жұмыссыз және кәсіби білім алмаған жастардың үлесі ең аз аймақ. Өңірде 20 мыңға жуық жас болса, соның 3,9 пайызы ғана осындай санатқа кіреді. Қоғамның қозғаушы күшін қолдау шаралары одан әрі жалғаспақ.

"Қыран елім - Қазақстан" атты патриоттық форум
"Қыран елім - Қазақстан" атты патриоттық форум. Фото: БҚО әкімдігі

"Облыс бойынша 230 млн теңгеден астам қаражат бөлініп, жастарға арналған жобалар қаржыландырылып жатыр. Бүгінгі патриоттық форумның мақсаты – жастарды елжандылыққа баулып, шығармашылығын дамыту және өзара достық қарым-қатынасын нығайту", – деді облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Мирфат Бисекенов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2042042-oralda-respublika-kunine-orai-qyran-elim-qazaqstan-patriottyq-forumy-otti/

pixel