Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру ережесі өзгерді

Жарияланған күні:

Читать на русском
Көлік жүргізушісі
Көлік жүргізушісі. Көрнекі фото: piqsels.com

Бұдан былай жүргізуші куәлігін алу бойынша арнайы ХҚКО-да өтетін теориялық емтиханды Мемлекеттік корпорация қызметкерлері қабылдайды. Бұған дейін емтиханды аутсорсингтік компаниялар қабылдаған еді. Бұны "Азаматтарға арналған үкімет" баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Азаматтарға арналған үкімет" баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған ереже арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызмет көрсету сапасы төмен деген шағымдар жиі келіп түскендіктен енгізілген. Бұдан былай жүргізуші куәлігін алу бойынша өтетін емтиханды Мемлекеттік корпорация қызметкерлері қабылдайды.

"Алдағы уақытта мұндай оқиғалар қайталанбас үшін Мемлекеттік корпорация тестілеу үдерісін ұйымдастыруды өз қолына алуды жөн көрді, осылайша тестілеудің сапасы ғана емес, қауіпсіздігі де артады", — дейді "Азаматтарға арналған үкімет" баспасөз қызметі.

Бұған дейін теориялық тестілеу Жол жүру ережесі 2.0 жүйесі арқылы жүргізілген еді.

Бірақ 16 қазаннан бастап Мемлекеттік корпорация жол жүру ережесінің 3.0 — жаңа жүйесіне көшті. Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, қазір жүргізуші куәлігін алу үдерісі мүмкіндігінше ашық.

"Теориялық емтиханды тапсыру кезінде тестілеу үдерісінің аудио-видеожазбасы жасалатынын ескеру қажет. Сондай-ақ емтихандарды қабылдау қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес, жеке тұлға биометриялық сәйкестендіруден өтеді", — деді "Азаматтарға арналған үкімет" баспасөз қызметі.

Оған қоса Мемлекеттік корпорация емтихан қабылдау кабинеттерінде бейнебақылау камераларын енгізген. Сондықтан кез келген адам азаматтардың емтиханнан өту барысын күту залында немесе онлайн режимде көре алады.

"Айта кетейік, қосалқы құрал-жабдықтарды немесе шпаргалканы пайдаланған клиенттер үш айға емтихан тапсыру құқығынан айырылған болатын", — деп атап өтті "Азаматтарға арналған үкімет" баспасөз қызметі.

"Азаматтарға арналған үкімет" теориялық емтиханды ертесінде жұмыс күні қайта тапсыруға болатынын айтты. Сонымен қатар азамат емтиханнан екі рет құлаған жағдайда тестті кемінде бір айдан кейін қайта тапсыра алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2042643-elimizde-zurgizusi-kualigin-alu-usin-emtixan-tapsyru-erezesi-ozgerdi/