Қарағанды облысындағы шахтада болған апат: қаза тапқандар саны 42-ге жетті
Жарияланған күні:
Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтадағы жарылыстан қаза тапқан 42 кеншінің денесі табылды. Әлі төрт адам іздестірілуде, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, аварияны жою жөніндегі республикалық жедел штабтың басшысы, төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов шахтаға түсу жұмыстарын жүргізген. Өрт және кеншілердің қаза болған жерлерін тексеру жүргізілген.
"Аварияны жою жөніндегі жедел штаб тәулік бойы іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіруде. Ең қауіпсіз және кеншілер болуы мүмкін ықтимал учаскелер бойынша тау-кен құтқарушыларының өту жолдары пысықталуда. Іздестіру жұмыстары шамамен бір-бірінен 4 км қашықтықта орналасқан екі өндіру учаскесінің ауданында жүргізілуде.
Тау-кен құтқарушылары қажетті жабдықтармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Газ жағдайын бақылау жалғасуда. Іздестіру-құтқару жұмыстарына барлығы "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қарағанды филиалының 55 тау-кен құтқарушысы және 15 техникасы жұмылдырылды", - деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігі.
Сонымен қатар төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, сағат 15:00-дегі жағдай бойынша 42 адамның денесі табылған. Тағы 4 кеншіні іздеу жалғасуда.
Еске сала кетейік, 28 қазан күні Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында жарылыс болды.
Апат кезінде шахтада 252 адам болған, 205 кенші жер бетіне шығарылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2043034-qaragandy-oblysyndagy-saxtada-bolgan-apat-qaza-tapqandar-sany-42-ge-zetti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.