Астананың бірнеше ауданы жарықсыз және сусыз қалды (фото, видео)
Жарияланған күні:
Елорданың бірнеше ауданында жарық жоқ. Тұрғындар электр қуатынсыз қалғанын айтып, желіде жарыса жазба қалдырып жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі әуе желісінде апат болғанын және оның себебі анықталып жатқанын алға тартты.
"2023 жылғы 29 қазанда сағат 21:58-де 110 кВ әуе желісінде апат болды, себебін анықтап жатырмыз. Астана Энергиядағы ЖЭО-2-де қысқа тұйықталу салдарынан генерацияның толық төмендеуі байқалды", - деп хабарлады Энергетика министрлігі.
Ал "Астана-АЭК" АҚ баспасөз қызметі қалада электр қуаты шамамен жарты сағаттың ішінде қалпына келтірілетінін мәлімдеді.
"Электр жарығы шамамен 30 минут ішінде қалпына келтіріледі, жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз", - деді кәсіпорын өкілі.
Astanovka98 Telegram арнасында тұрғындардың жарықсыз қалған сәтінен видеолар жария болды.
Тұрғындар жарықтан бөлек, сусыз қалғандарын да жазуда. "Су арнасы" өкілдері судың болмауының себебін түсіндірді.
"2023 жылғы 29 қазанда сағат 21:58-де жоғары вольтты 110 кВ желісінде апат болды. Оқыс жағдайдың себебі анықталып жатыр. Бұл жағдай сумен қамтамасыз ету жүйесіне де әсер етті. Барлық азаматтан сорғылар жұмыс істеп тұрғанын пайдаланып, су қорын жинақтап алуды сұраймыз", - деді кәсіпорын өкілдері.
Сол арада мессенджерлерде Астанадағы электр стансасында жарылыс болды деген ақпаратпен фото тарай бастады.
Энергетика министрлігі халықты бұл қауесетке сенбеуге шақырды: фотодағы оқиғаның елордадағы жағдайға еш қатысы жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2043069-astananyn-birnese-audany-elektr-quatynsyz-qaldy-foto-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.