Дубайдан экстрадицияланған "ӨКМ Операторы" экс-құрылтайшысы 920 млн теңгені қайтарды
Жарияланған күні:
Читать на русскомАстана соты "ӨКМ Операторы" ЖШС бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұқтарованың ісін қарауды жалғастыруда. Оның адвокатының айтуынша, айыпталушы 920 млн теңгені қайтарған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мұқтарованың адвокаттары соттың бірінші отырысында оған қатысты істі қарауды тездету үшін процесуалдық шарт жасасуды өтінген. Бұл шарт бойынша Мұқтарова өз кінәсін мойындауға тиіс, сәйкесінше оған қатысты істі қарау да жылдамдай түсуі керек еді. Алайда олардың айтуынша, бүгін прокурор қорғаушы тараптың өтінішін қанағаттандырмаған.
"Ең алдымен келтірілген залалды өтеу міндеттелген. Біз оны өтедік, тек Мұқтарованың мүддесі үшін емес, сонымен қатар осы эпизод бойынша Коротенконың да қарызын өтедік - келтірілген залалды Мұқтарованың қызы өтеген. Сол себепті келтірілген залалдың өтелгеніне байланысты біз қайтадан (мәміле жасасуды – ред.) өтінеміз", – деді Мұқтарованың адвокаты.
Судья келтірілген залалды өтеу туралы құжаттарды тексеріп, 920,5 млн теңге сома мөлшерінде шығын өтелгенін мәлімдеді. "ӨКМ Операторы" ЖШС аталған қаражат шотқа түскенін растады.
Сот отырысында Мұқтарованың адвокаттары айыпталушы бұл ақшаны дивиденд ретінде алғанына, яғни алған табысы заңды жолмен келгеніне сенімді болғанын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін іздеуде жүрген "ӨКМ Операторы" ЖШС-нің бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұқтарова Біріккен Араб Әмірлігінде қамауға алынғанын хабарлаған едік.
Кейін Шынар Мұқтарова Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға экстрадицияланған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2043733-dubaidan-ekstradiciyalangan-operator-rop-eks-quryltaisysy-920-mln-tengeni-qaitardy/