Ақтөбеде сауда орталығынан құны 25 млн теңге алтын бұйымдарды ұрлағандар ұсталды
Жарияланған күні:
Ақтөбеде сауда орталығынан құны 25 млн теңгенің алтын бұйымдарын ұрлаған бір топ адам ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Ведомство мәліметінше, 1 қарашада түнгі мезгілде Ақтөбе қаласындағы ірі сауда және ойын-сауық орталықтарының біріндегі сауда орнынан аса ірі көлемде алтын бұйымдар ұрланған.
Зергерлік бұйымдардың жоғалғанын сатушы келесі күні таңертең білген. 29 жастағы кәсіпкерге келтірілген шығын көлемі шамамен 25 миллион теңгені құрады.
Бұл дерек бойынша полицейлер бейнебақылау камераларына түсіп қалған бейнежазбаларды зерделеу барысында медициналық бетперде киген ер адамның сауда орнына жасырын кіріп, кілт салып, шкафтан алтын бұйымдарды ұрлағаны анықталды.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында күдіктінің ізін суытпай жеке басын анықтаған. Ол 25 жастағы аудан тұрғыны.
Полицейлердің айтуынша, күдікті түнгі уақытта сауда және ойын-сауық орталығында адамдардың аздығын пайдаланып, өзінің 3 сыбайласымен бірлесе әрекет жасаған.
"Олар орталықтың ішінде бір-бірімен құлаққап арқылы байланысып отырған. Олар осы қылмысты жасағаннан кейін Орал қаласына бой тасалаған", - делінген хабарламада.
Күдіктілердің барлығы бұрын сотталған облыс тұрғындары екені белгілі болған. 2 қараша күні криминалдық полиция қызметкерлері оларды Орал қаласында ұстады.
Ұрланған алтындар тәркіленді.
Ведомство Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігімен (Ұрлық) қозғалған қылмыстық іс шеңберінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2044032-aqtobede-sauda-ortalygynan-quny-25-mln-tengenin-altyn-buiymdaryn-urlagandar-ustaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.