СІМ Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығысты тоқтатуға шақырды
Жарияланған күні:
Читать на русскомҚазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Түркі мемлекеттері ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты Қазақстанның ұстанымын жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мұрат Нұртілеудің айтуынша, Түркі мемлекеттері ұйымы бірлесіп, Таяу Шығыстағы геосаяси тұрақсыздық пен экономикалық мәселелердің шешімін табуға күш салу қажет.
Оның айтуынша, Қазақстан Таяу Шығыстағы зорлық-зомбылықтың күшеюіне алаңдаушылық білдіреді.
"Біз халықаралық қауымдастықтың пікірімен келісеміз және Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығысты дереу тоқтатуға шақырамыз.
Газа тұрғындары үшін гуманитарлық дәліздерді ашу – қазақстандық дипломатияның басты міндеті. Оны ешбір алғышартсыз іске асыру керек", – деді Мұрат Нұртілеу.
Сыртқы істер министрі қақтығысқа қатысушы тараптар тек Таяу Шығыста ғана емес, бүкіл әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейбіт келіссөздерге назар аударуы керектігін, сондай-ақ БҰҰ резолюциясына сәйкес, "Екі ұлтқа екі мемлекет" жоспарын құптау қажет екенін атап өтті.
"Қазіргі жағдай бұрын-соңды болмаған әрі оны болжау мүмкін емес. Соған қарамастан Қазақстан БҰҰ жарғысында және халықаралық құқықта бекітілген құндылықтар мен қағидаттарды берік сақтай отырып, тең, көпвекторлы сыртқы саясатты жалғастырады", – деді Нұртілеу.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2044046-qazaqstandyq-sim-izrail-men-xamas-arasyndagy-qaqtygysty-toqtatuga-saqyrdy/