Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ақша бөліне ме?": Алматы облысында 13 жылдан бері ауылына газ тартқыза алмаған ақсақал өңір әкімін сұрақтың астына алды

Жарияланған күні:

Әбіләшім Күнісбаев
Кіші Байсерке ауылының тұрғыны облыс әкімімен кездесуде. Фото: KAZ.NUR.KZ

Талғар ауданы Гүлдала ауылдық округіне қарасты Кіші Байсерке тұрғындары ауыл іргесіне келіп тұрған газды тартқыза алмай отыр. Одан бөлек оқушылар 2017 жылы салынған төбесі жұқа мектепте қыстай қалың киіммен отыруға мәжбүр. Ауыл ақсақалы Әбіләшім Күнісбаев облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездесуде елді мекеннің бұдан басқа да мәселесін тізіп айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ауыл тұрғындарының жанайқайын облыс әкіміне жеткізген ақсақалдың айтуынша, Кіші Байсерке ауылына газ тарту мәселесі тұрғындарды біраз жылдан бері сергелдеңге салып келеді.

"Бүкіл Алматы облысына тарайтын газды бөлу станциясы біздің ауылдан 300-ақ метр жерде тұр. Жолдың арғы бетіндегі көрші ауыл – Қайнар ауылдық округі газды 13 жылдан бері пайдаланады. Екеуінің арасы 30-ақ метр. Сонда бізге газ жоқ. Жобалау құжаты дайын, сараптамаға жіберілді, енді әрі қарай құрылысына ақша бөліне ме, бөлінбей ме? Келесі жылы іске қосыла ма?", - деп алаңдаушылық білдіреді ол.

Ауыл тұрғыны газ тарту жұмысының сиырқұймышақтанып кетуі жергілікті әкімдіктің сөзі жоғарыдағыларға жетпегеннен деп есептейді.

"Бұл жерде жергілікті әкімдік дұрыс жұмыс істемей отыр. "Жұрттың "Ыбырайы" - Ыбырай, біздің Ыбырай..." деген мәтелдің кері келіп тұр. Мына жағымыздағы ауылдар газдың рахатын көріп отыр", - дейді тұрғын.

Кіші Байсерке тұрғынының көтерген екінші мәселесі - ауылдағы салқын мектеп.

"Мектептің төбесі жұқа, іші жылынбайды, жылу жүйесі дұрыс жасалмаған. 2017 жылы салынған. Қыстың күні балалар қалың киіммен отырады, ауыл әкімдігі жылда демеушілер тауып, қосымша жанар-жағармаймен қамтамасыз етіп отыр. Былтырдан бастап мүмкіндік жоқ, лимит белгіленген, одан артық бермейді", - дейді Әбіләшім Күнісбаев.

Ауыл ақсақалының сөзіне қарағанда ауылда 300 орындық мектепте 1000-нан астам бала оқып жатыр. Шамамен 6 мыңнан астам халық тұратын елді мекенде жол, су, жарық мәселесі де шешімін таппай келеді.

"Біз шетте қалып қалғанбыз. Ауылда 11 шақырымға созылған ұзын көшеміз бар, жалпы 38 көше бар. Сол көшеде не жол жоқ, не жарық жоқ. Электр желісін бірімізден біріміз тартып алып жатырмыз, көтермейді", - дейді ол.

Сондай-ақ ауылда бейітке деп белгіленген жер толып қалған. Ауыл тұрғыны жаңа жер бөліп беруді сұрады.

Ауылдағы мәселеден Талғар ауданы әкімдігі де, облыстағылар да хабардар. Тек ауыл халқы жергілікті биліктің шешімін күте -күте шаршаған.

Тұрғынның газ құбырын тарту туралы сұрағына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің өзі жауап берді.

"Газ тартуға өзіңіз айтқандай сараптамадан өткен соң әрі қарай өтінім беріледі, өтінім бойынша келесі жылы ақша қарастырамыз. Ол болмаса инвесторларға да ұсынып көрейік. Қаржыландыруды қарастырамыз. Жалпы Талғар ауданын газдандыру 70 пайызға жетті. Ол жаман емес, жақсы көрсеткіш. Басқа аудандарда бұдан да жаман. Бірақ ауданда халық орналасқандықтан бұл мәселені тезірек шешу керек.

Мектептің жайына қатысты айтар болсақ, "Жайлы мектеп" жобасы бойынша 1500 орындық мектеп құрылысы жоспарланған. Бірақ биыл емес, келесі жылы. Талғар ауданында биыл 7 мектеп салуды жоспарлап отырмыз, құрылыс жұмыстары басталып кетті", - дейді Марат Сұлтанғазиев.

Аудан әкімі Таңат Айдарбеков тұрғынның бейітке орын табу талабына қатысты қазір жер қарастырылып жатқанын, құжатын рәсімдеп, өзіне көрсететін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2044491-kosenin-argy-betindegi-auylda-bar-13-zyldan-beri-auylyna-gaz-tartqyza-almagan-aqsaqal-oblys-akimin-suraqtyn-astyna-aldy/