Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Балаева никабқа тыйым салу туралы мәселенің жай-жапсарын айтты

Опубликовано:

Паранжа (сол жақта) және никаб (оң жақта) киген әйелдер. Кабул көшесі. 7 мамыр, 2022 жыл.
Паранжа (сол жақта) және никаб (оң жақта) киген әйелдер. Кабул көшесі. 7 мамыр, 2022 жыл. Фото: AHMAD SAHEL ARMAN/Getty Images

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәжіліс кулуарында елде никабқа тыйым салу туралы мәселені түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Балаева осы мәселе көтерілген депутаттық сауал болғанын еске салды.

"Бұл мәселе депутаттық сауал аясында қаралды. Заңнама тұрғысында әлі реттелген жоқ, заңнамада бізде қазір никабқа тыйым жоқ. Әрине, ұлттық қауіпсіздік тұрғысында қарастырсақ, дәл осы никабты киюге тыйым салу керек", - деді ол.

Бұл ретте министр елде әлеуметтік желілердегі контентке мониторинг жүргізіліп жатқанын айтты.

"Министрлік заңға қайшы контентті анықтау бойынша бақылау жүргізіп жатыр. Анықталса, құқық қорғау органдарына қылмыс құрамы бар-жоғын анықтауы үшін жолдаймыз, ұлттық, діни, тіл араздығын қоздыру анықталса, сондай-ақ, есірткі заттарын тарату, порнография және буллинг мәселелері болса, әлеуметтік желі әкімшілерімен бұл контентті бұғаттау бойынша жұмыс жүргіземіз", - дейді Аида Балаева.

ҚМДБ-ның ресми сайтындағы мәліметке қарағанда, никаб – мұсылман әйелдер киімінің атрибуттарының бірі. Бұл – әйелдің бетін тұтас жауып, тек көзі көрініп тұратындай етіп тігілген киім.

Еске салайық, қазан айының басында Аида Балаева Қазақстандағы "Дін туралы" заң қайта қаралуы мүмкін екенін айтқан болатын.

Оның айтуынша, сарапшылар қоғамдық орындарда никаб, хиджаб және "қысқа шалбар" кию ережелерін қатаңдату бойынша нормаларды зерттеп, ұсынады.

"Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Қоғамдық орындарда адамның бет-әлпеті жабылатын киімнен жеке басын анықтау өте қиын. Қайталап айтамын, бұл қоғаммен бірлесіп зерттеледі", - деді ол.

Ал қыркүйек айының ортасында Балаева Қазақстан мектептерінде хиджаб киюге қатысты ойын айтты.

"Қазақстан – зайырлы мемлекет, ол ҚР Конституциясына сәйкес діннен бөлек. Бұл ретте мемлекет дін бостандығына кепілдік береді. Мемлекеттік саясаттың барлық мәселесі діни нормалармен емес, азаматтық заңдармен реттеледі. Нормативтік актілер мектеп формасын кию стандарттарын сақтауды талап етеді", - деген еді министр.

Сол күні ҚМДБ өкілдері Қазақстан мектептерінде орамал тағу мәселесі туралы пікір білдірген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері адал және білімді ұрпақты тәрбиелеу әрбір ата-ананың басты мақсаты екенін атап өтті. Шариғатқа сәйкес, жасөспірім жасқа толған мұсылман қыз орамал тағуға міндетті, білім алуға да міндетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2044749-balaeva-nikabqa-tyiym-salu-turaly-maselenin-zai-zapsaryn-aitty/

pixel