Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлттық статистика бюросы Халықты жұмыспен қамту бойынша тақырыптық жинақ жариялады

Опубликовано:

Жұмыс
Құжатқа қол қойып жатқан адам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша халықты жұмыспен қамту бойынша кезекті жинақ (1-2 том) шығарды, деп хабарлайды бюро ресми сайтында.

Жинақта салалар, жыныс және жас құрылымы бойынша жұмыспен қамту деңгейі жөніндегі көрсеткіштерді, сондай-ақ 2009 жылғы санақпен салыстырғандағы динамикалық өзгерістерді көруге болады.

Жинақтың екі томы stat.gov.kz сайтының "Ұлттық санақтар" – "Санақ 2021" бөлімінде орналастырылған.

Жұмыспен қамтылған халық саны 39 пайыз өсті

2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылған халық саны 9 188 мың адамды құрады, 2009 жылғы санақпен салыстырғандағы өсім – 39,2 пайыз.

Жұмыспен қамтылғандардың негізгі үлесі қалалық елдімекендерде – жұмыспен қамтылған халықтың 62,5 пайыз немесе 5,7 миллионнан астамы. 2009 жылы қалалардағы жұмыспен қамтылған халықтың үлесі 57,1 пайыз немесе 3,8 млн адамды құраған. Жас тобы бойынша жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны 30-34 жас аралығында – 1 450 мың адам.

2009 жылғы санақ қорытындысымен салыстырғанда 2021 жылы жоғары білімі бар халықтың жұмыспен қамтылу үлесі 27,1 пайыздан 30,8 пайызға дейін артты.

Жұмыспен қамтудағы әйелдердің үлесі 2009 жылғы 45 пайыздан 2021 жылы 48 пайызға дейін немесе 1,4 млн адамға артты.

Салалар бөлінісінде жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны ауыл шаруашылығында – 1,41 млн адам немесе жұмыспен қамтылған халықтың 15,3 пайыз (17,9 пайыз – 2009 жылы). Одан кейін көтерме және бөлшек сауда – 1,35 млн адам немесе 14,7пайыз (12,9 пайыз – 2009 жылы). Жұмыспен қамту бойынша үшінші орынды өнеркәсіп саласы алады – 1 млн адам немесе 11,1 пайыз (11,5 пайыз – 2009 жылы).

Барлық жұмыспен қамтылған халықтың ішінде ерлердің ең көп үлесі немесе 17 пайыз ауыл шаруашылығында, ал әйелдер бойынша негізінен сауда саласында – 16 пайыз.

Келесі тақырыптық жинақ 13 қарашада жарияланады.

Анықтама: Айта кетейік, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары бойынша деректер санақ өткен уақытқа, яғни олар бөлінгенге дейін берілген. Бұл ретте жаңадан құрылған облыстардағы халық саны санақ деректерін ескере отырып қайта есептелген және stat.gov.kz сайтында жарияланған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2044899-ulttyq-statistika-byurosy-xalyqty-zumyspen-qamtu-boiynsa-taqyryptyq-zinaq-zariyalady/

pixel