Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бәске тіккен": Астанада ЖШС бас директоры 940 млн теңгені талан-таражға салғаны үшін сотталды

Опубликовано:

Ақша мен кісен
Ақша мен кісен. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Астанада ЖШС бас директоры компания ақшасын талан-таражға салып, 940 млн теңге көлемінде шығын келтірген. Сот оны 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті, деп хабарлайды Астана қаласының соты ресми сайтында.

Ведомство хабарлауынша, Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес, К.-ға қатысты сенiп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде ұрлағаны, яғни талан-таражға салғаны үшін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында үкім шығарылды.

"К., "Т." ЖШС-ның бас директоры лауазымында қызметін атқарған уақытында, жұмыс орнында өзінің ұялы телефонын пайдалана отырып, өзіндегі ЭЦҚ кілтімен дәйексіз деректерді көрсетіп, төлем жүргізу мақсатында "банк-клиент" бағдарламасын жүктеген.

Ақшалай қаражатты онлайн аударым арқылы жеке банк шотына, сондай-ақ үшінші тұлғалардың есеп карточкаларына аударған. Қолма-қол ақшаға айналдырып, кейіннен К. букмекерлік кеңселер мен орындарда бәске тігуге жұмсап отырған.

К.-ның қылмыстық әрекеттері салдарынан ЖШС-ға жалпы сомасы 940 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген", - делінген сот материалдарында.

Сотталушы К. өзіне тағылған айып пен келтірілген залал сомасын толық мойындап, соттан бас бостандықтан айырмайтын жазаны тағайындауды сұрады.

Бұл ретте жәбірленуші тарап, яғни ЖШС-нің өкілі жаза тағайындауды соттың қарауына қалдырды.

Қылмыстық іс сотта қысқартылған тәртіппен өтті. Яғни процеске қатысушылар жиналған дәлелдемелерді жоққа шығармай, дауламағандықтан, сот тергеуіндегі іс материалдары зерделенбей қаралды.

Сотталушының кінәсі мойындау айғақтарымен, беттестіру хаттамасымен, сараптама қорытындысымен, букмекерлік кеңселер және мекемелердің жауаптарымен, сондай-ақ қылмыстық іс бойынша т.б. материалдармен дәлелденді.

Сот сотталушының шын жүректен өкінішін қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды.

Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Осылайша, айыпталушы коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 5 жыл мерзімге айырылып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келісіп, үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Үкім заңды күшіне енді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2044992-baske-tikken-astanada-zss-bas-direktory-940-mln-tengeni-talan-tarazga-salgany-usin-sottaldy/

pixel