Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көкшетауда меценаттар мектепке спорт алаңын сыйлады

Опубликовано:

Футбол алаңындағы доп
Фото: pixabay.com

Денсаулыққа арналған жаңа жаттығу алаңы көкшетаулық мектеп оқушыларын қуантты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақмола облыстық білім басқармасы өкілдеріне сілтеме жасап.

Көкшетауда 1962 жылы қабырғасы қаланған бұрынғы теміржол орта мектебінде, яғни қазіргі №16 орта мектепте оқушылар шаттыққа кенелді. Жаңа спорт алаңы салынып, оқушылармен қатар, педагогтерге де қуаныш сыйлады. Мектепте қуаты мен тәжірибесі кемеліне жеткен, шығармашылыққа бейім, 30 жылдан асатын еңбек өтілі бар мұғалімдер баршылық. Мұндай мақтауға алтын және күміс медаль иеленген 138 түлегі айқын дәлел.

"Мектебіміз әрқашан спортқа деген ерекше қызығушылығымен, түрлі спорт түрінде жеткен жетістігімен көзге түсіп келеді. Түлектер арасында әлем чемпиондары, Қазақстан біріншілігін алғандар, спорт шеберлері бар", – дейді мектеп ұжымындағылар.

Бұл мектепте кикбоксингтен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ен-ген Төбенұлы Хегай 1996-2004 жылдар аралығында балаларды қоян-қолтық ұрыс секциясында жаттықтырған. Бүгінде Ен-ген Төбенұлының ұлдары әке жолын жалғаған. Мерген Біләлов – қоян-қолтық ұрыстан Әлем кубогінің екі дүркін чемпионы, кикбоксингтен халықаралық санаттағы спорт шебері. Олардың бастамасымен мектеп ауласында құны 21 миллион теңге болатын жаңа спорт алаңы салынды.

Басқармадағылардың айтуынша, енді мұнда дене шынықтыру сабақтары, жаттығулар мен спорт шаралары өтеді.

Спорт алаңы білім беру мекемесінің 60 жылдық мерейтойына тамаша сыйлық болып отыр.

"Кең әрі жайлы спорт алаңын салып берген демеушілерімізге алғыс айтамыз. Түрлі спорттық шараларды мектеп деңгейінен асырып ұйымдастыруға мүмкіндігіміз туып отыр. Мұнда біз дене шынықтыру сабақтарын өткіземіз, бос уақытында балалар футбол ойнайды", - деп қуанышын бөлісті мектеп мұғалімі Динара Забикулина.

Сонымен қатар спорт нысаны балалар мен жасөспірімдерге жазғы каникулын пайдалы өткізуге, спортпен шұғылдануға мүмкіндік береді.

Айта кетсек, бұл Ақмола облысында істелген жалғыз игі іс емес. Өңірдегі білім беру мекемелеріне көмектесіп жатқан демеушілер аз емес. Мәселен, Степногорск тау-кен-химия комбинаты ЖШС Степногорск қаласындағы А. Пушкин атындағы көпсалалы мектеп-лицейіне қазақ тілі кабинетіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, үш миллионнан астам сомаға интерактивті панель мен жиһаз сатып алып берді. Сондай-ақ облыстағы мектептерге түлектер де, түрлі кәсіпорындар да көмектесіп, кеңсе жабдықтарын, технологиялық құралдарын, жиһаздар мен спорт инвентарін сыйлап жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2045100-koksetauda-mecenattar-mektepke-sport-alanyn-syilady/

pixel