Атырау экс-әкімі уақытша ұстау изоляторына қамалды
Жарияланған күні:
Читать на русском9 қарашада жер телімдерін заңсыз бөлуге қатысты қозғалған қылмыстық іс аясында Атыраудың экс-әкімі Қайрат Оразбаев ұсталған болатын. Бүгін ол уақытша ұстау изоляторына қамалғаны белгілі болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Атырау қаласы мамандандырылған тергеу сотының 2023 жылғы 11 қарашадағы қаулысы бойынша Оразбаевқа қатысты екі айға қамауға алу бұлтартпау шарасы тағайындалды", - деп атап өтті Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне берген хабарламасында.
Еске салсақ, 9 қарашада жер телімдерін заңсыз бөлуге қатысты қозғалған қылмыстық іс аясында Атырау қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Оразбаев ұсталғаны туралы ақпарат пайда болған еді.
"9 қарашада Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасады деген күдікпен Атырау қаласының экс-әкімі Оразбаев ұсталды.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды", - делінген Атырау облысы прокуратурасының хабарламасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2045272-atyrau-eks-akimi-uaqytsa-ustau-izolyatoryna-qamaldy/