Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Еңбек адамы "Алтын домбыра" айтысының басты тақырыбына айналды

Жарияланған күні:

Астанадағы "Алтын домбыра" республикалық ақындар айтысы
Астанадағы "Алтын домбыра" республикалық ақындар айтысы. Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Елордада AMANAT партиясының қолдауымен Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған "Алтын домбыра" республикалық ақындар айтысы басталды. "Еңбек – ел ырысы" тақырыбындағы дәстүрлі жыр аламаны биыл қарапайым еңбек адамдарына арналып отыр.

Мәжіліс спикері, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының мәртебесін көтеруді үнемі айтып жүргеніне ерекше назар аударып, Республика күні қарсаңында президент 700-ден астам қарапайым еңбек адамын мемлекеттік наградамен марапаттағанын атап өтті.

Бұл – адал да табанды еңбегімен тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеп келе жатқан азаматтарымызға деген құрмет.

Ерлан Қошанов
Ерлан Қошанов. Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

"Биылғы "Алтын домбыра" ақындар айтысының өзіндік мәні бар. Бүгінгі айтыс қарапайым еңбек адамдарына арналады. "Еңбек – ел ырысы" деп отырмыз. Себебі, берекенің бастауы – еңбекте. Ал, оның иесі де, киесі де – қарапайым еңбек адамдары.

Осы ретте мемлекет басшысы "Адал азамат" ұғымын қоғам санасына сіңіруді ұсынды. Айналып келгенде, мемлекетті мемлекет, елді ел қылып отырған бай-бағыландар емес, қатардағы жұмысшылар, малшылар, диқандар, ұстаздар мен дәрігерлер. Қазір оларға деген қоғамның шынайы құрметі оянып келеді", – деді Ерлан Қошанов.

Астанадағы "Алтын домбыра" республикалық ақындар айтысы
Астанадағы "Алтын домбыра" республикалық ақындар айтысы. Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Өз кезегінде, айтыс тізгінін ұстаған белгілі ақын, мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай көзіқарақты көрерменге қазылар алқасының құрамын және ақындар қауымын таныстырды.

Астанадағы "Алтын домбыра" республикалық ақындар айтысы
Астанадағы "Алтын домбыра" республикалық ақындар айтысы. Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

"Айтыс – ұрпақтан ұрпаққа әкенің қаны, ананың сүтімен жеткен қастерлі өнер. Бүгін елорда төрінде еңбек адамының қадір-қасиетін, олардың қоғамдағы айрықша орнын жырға қосамын деп ойы өрелі, сөзі сүбелі айтулы ақындар бас қосып отыр. Баршаңызға сәттілік тілеймін", – деді Аманжол Әлтай.

Астанадағы "Алтын домбыра" республикалық ақындар айтысы
Астанадағы "Алтын домбыра" республикалық ақындар айтысы. Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Айта кетейік, екі күнге созылатын аламан айтыста еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 16 ақын өнер көрсетеді. Кіл жүйрік те кім жүйрік екені ертең белгілі болмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2045280-enbek-adamy-altyn-dombyra-aitysynyn-basty-taqyrybyna-ainaldy/