Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Tech Orda түлегі Назым: Мақсатым - рентген суреттері арқылы ауру белгілерін анықтайтын модель жасау

Опубликовано:

Назым Шакирхожа
Фото: Назым Шакирхожа

Ақпараттық технология қарыштап дамып жатқан қазіргі кезеңде осы саладағы білім көкжиегін кеңейту – заман талабы. Бұл ретте, әсіресе, қысқа мерзімді бағдарламалық курстардың ықпалы зор. Мәселен, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Astana Hub технопаркі ұсынатын Tech Orda бағдарламасы бойынша грант алып, жарты жыл ішінде IT мамандығын игеруге болады.

Қазақстанның жекеменшік мектептерінде IT мамандарын даярлауға бағытталған Tech Orda аясында әрбір студентке 600 000 теңгеге дейін ваучер беріледі. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде өтеді және веб-бағдарлама әзірлеу, 3D-дизайн, бағдарламалық қамту, мобильді қолданбалар жасау, Big Data, Blockchain және т.б. бағыттарды қамтиды. Курс мерзімі - 6 айдан 2 жылға дейін.

Бүгінгі кейіпкеріміз, дата-инженер Назым Шакирхожа дәл осындай курстардың арқасында білімін ұдайы жетілдіріп, біліктілігін арттыруға ұмтылатындар қатарынан. Ол Tech Orda бойынша тегін курсты тәмамдап, бүгінде өз саласының үздік маманы болып отыр. KAZ.NUR.KZ жас маманмен сұхбат ұсынады.

- Назым, алдымен өз мамандығыңыз туралы айта кетсеңіз?

- Жасым 27-де. Алматы қаласының тумасымын. Мамандығым – дата-инженер. Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған республикалық физика-математика мектебінде білім алғанмын. Кішкентайымнан математика мен физикаға деген қызығушылығым, икемім ерекше болды. Сондықтан Назарбаев университетіне электротехника және компьютерлік инженерия саласы бойынша бакалавриатқа оқуға түстім. Оқуымды деректер туралы ғылым саласы бойынша магистратурада жалғастырдым.

- Неліктен инженерияны таңдадыңыз?

- Инженерияны таңдауымның себебі, инженерлердің мақсаты - материалдарды немесе процестерді ойлап табу, енгізу, техникалық қызмет көрсету және жетілдіру. Өзім болашақта адамдарға пайдалы дүние ойлап тауып, білімімнің нәтижесін көргім келетіндіктен, осы мамандықты таңдадым. Оқу бітірген соң біраз уақыт банкте жұмыс істедім. Жылжымайтын мүлікті бағалау, несиелік скоринг секілді модельдер бойынша тәжірибем бар. Одан кейін медициналық деректерді өңдеумен де айналыстым.

Анам да, әкем де медицина саласының қызметкерлері. Әкем пульмонолог болғандықтан, рентген суреттерінен ауру белгілерін анықтайтын модель жасауға қызығушылығым болды. Дата-инженерия саласын тереңірек зерттеп, саладағы үздік мамандар қатарында болу мақсатын алға қойдым. Көптеген курс алып, білімімді жетілдіре бастадым. Осындай ізденіс үстінде жүргенде, таныстарымнан Tech Orda арқылы ақпараттық технологиялар саласындағы ауқымды, әрі құны қымбат курсты тегін оқуға болатынын естідім. Бұл мүмкіндіктен қалыс қалғым келмеді. Себебі мұндай курстар өте қымбат тұрады.

- Бұл мүмкіндік туралы кеңірек тоқтала кетесіз бе? Қандай бағдарлама?

- Tech Орда – IT саласы бойынша білім беру курстарын ұсынатын бағдарлама. Әуелі белгілі бір білім беру ұйымын таңдап, сондағы іріктеуден өту керек. Мәселен, бұған дейін BigData Team компаниясының бірқатар курсына қатысқан болатынмын және сол кезде де қатаң іріктеу болды. Техникалық, логикалық сұрақтардан тұратын тест тапсырып, Big Data Engineer тобына өттім. Негізі Tech Орда арқылы түрлі бағыттағы курстарды алуға болады. Мен мамандығыма сай етіп, дәл осы бағытты таңдадым. Курстың бағдарламасы оңайға түскен жоқ. Өте күрделі, соған қарамастан, егер әр апта сайын оқыған материалдар бойынша үй жұмысын орындасаң, балл қойылады. Сол жиналған балл негізінде сертификат беріледі. Яғни, бұл жерде оқу тегін болғанымен, ондағы білім сапасы өте қатаң тексеріледі. Грантты ұтып алып, ары қарай оқымай қойсаң, оған да белгілі бір жауапкершілік бар. Сондықтан оған бөлінген ақша бақыланады, әрі жауапкершілігі мол. Материалдар курс аяқталған соң да қолжетімді, кез келген уақытта қайталап, еске түсіруге болады. Курсты аяқтау оңай болған жоқ, бірақ өте құнды білім алдым, өте пайдалы дүниелер үйрендім. Еш өкінбеймін. Әсіресе курс құрылымы, материалды ұсынуы тамаша.

- Бұл курстың сіздің маман ретіндегі өсуіңізге қандай да бір әсері, пайдасы болды ма?

- Әрине, курс тереңдетілген әрі көптеген бөлімнен тұрады. Бастапқы үш айы IT саласындағы Python сынды қарапайым тілдерді оқытса, кейінгі үш айда мен үшін өте пайдалы болған PySpark, Hadoop, Hive, үлестірілген есептеу бойынша білімді дәл осы курстан алдым. Интернетте пайдалы материалдар өте көп. Бірақ құрылымы оқуға жеңіл, ұғынықты етіп жасалған мұндай бағдарламалық оқыту курстарын табу оңай емес. Жұмысыма да, жеке өзімнің дамуыма да мол әсерін тигізді. Қазір NDP компаниясында ақпарат инженері болып жұмыс істеймін.

Назым Шакирхожа
Фото: Назым Шакирхожа

- Оқудан алған ақпарат пен тәжірибені жұмысыңызда қолданасыз ба?

- Қолданамын. Шын мәнінде, Tech Orda көп жастарға жаңа мамандық иемденуге, білімін өсіруге, тәжірибе жинауға зор үлес қосады. Артымнан ерген інім Ілияс та осы IT саласында білім алып жатыр. Оған да осы Tech Орда арқылы курстарды оқуға кеңес беріп отырмын. Ал мамандығым - дата-инженерия туралы айтар болсам, бұл ақпараттық технологияларды кеңінен қолдануды қажет ететін сала. Адамдарды топтастыру, мүдделері, қызығушылықтары ортақ адамдардың түрлі бағыттағы скорингін жасау, деректер жинау, моделі жасау секілді дүниелермен айналысамыз. Болашағы зор сала деп білемін. Қазір тек несиелік скоринг жасалса, кейін адамдардың қаржылық қана емес, әлеуметтік скорингі де пайда болуы мүмкін.

Мәселен, адам туғаннан бастап ол туралы деректер жинала береді, артынша бұл деректердің өңделетіні соншалық, тіптен мектеп бітіргеннен соң мамандық таңдауына да әсер ететін деңгейге жету мүмкіндігі бар. Адамның болмысына, мінезіне, қызығушылықтарына сай мәліметтерді топтастырып, адамға таңдау жасау процесін жеңілдетіп, сәйкес келетін мамандық таңдап беретін модель пайда болуы мүмкін. Осы модельдердің барлығын жасау үшін деректерді, ақпаратты дұрыс өңдеп, сұрыптауға дата инженерлер де өз үлесін қосады. Сондықтан, бұл салада дами түсу, мамандығымды шыңдай түсуге өзім де мүдделімін. Дата инженер қызметіне енді кірісіп жатырмын, ал оған дейін дата сайентист, яғни модель құрастырумен айналыстым. Қазірден осы алған білімім маған көп сеп болып жатыр. Курста осы дүниелердің барлығы қамтылған. Жалпы IT саласы үнемі оқуды талап етеді. Екі-үш жылда база қатты өзгермесе де, инструментарийлер өзгереді. Сол үшін бұл сала алғырлықты, ізденісті, икемділікті талап етеді.

- Tech Orda арқылы IT-ға қатысы жоқ азаматтар курс оқи ала ма? Әлде осы сала мамандарына ғана арналған курс па?

- Tech Orda бағдарламасымен алты айлық курсты бітіріп, жаңа мамандық иесі атанған көптеген азаматты білемін. Техникалық бэкграунды болмаса да, қысқа мерзімді курстар арқылы IT саласына келгендер көп. Жалпы техникалық маман иесі болу үшін өте қиын дүниелерді үйрену керек болатын, ал қазір күннен күнге технологияларды үйрену жеңілдеп келе жатыр. Мәселен, Chat GPT қолданысқа енгелі, IT саласына қызығатындар саны арта түсті. Қазір оқушы да маман иесі болып, осы салада жұмыс істей алады.

- Өзіңіз секілді техникалық мамандық бойынша білім алып жатқан жастарға не деп кеңес берер едіңіз?

- Өзіңе ұнайтын профессияны таңдап еңбек ету, қызығушылықты ешқашан сөндірмеу, алға қойған мақсатқа жеткенше тоқтамау. Бәрі бірінші реттен болмаса да, соңындағы жақсы нәтиже атқарған еңбектің барлығын өтейді деп ойлаймын. Басы қатты болса да, аяғы тәтті болады.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Айта кетейік, Tech Orda бағдарламасы 2021 жылы іске қосылып, пилоттық жоба аясында 100 студент білім алды. 2022-2023 жылдары Tech Orda аясы кеңейтіліп, 6 мыңнан астам қазақстандық тегін оқуға ваучер алды.

Tech Orda туралы толығырақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2045407-tech-orda-tulegi-nazym-maqsatym-rentgen-suretteri-arqyly-auru-belgilerin-anyqtaityn-model-zasau/

pixel