СІМ: Газа секторынан қазақстандықтарды эвакуациялау басталды
Жарияланған күні:
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомстводағы брифингте бүгін Газа секторынан 40 қазақстандық, сондай-ақ олардың 4 туысы эвакуацияланатынын мәлімдеді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Айбек Смадияровтың сөзінше, 10 қарашада Қазақстанның Сыртқы істер министрі Израильдің Сыртқы істер министрімен телефон арқылы сөйлескен. Әңгіме барысында тараптар аймақтағы жағдайды талқылаған.
"Біздің министр Газа секторындағы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау еліміздің басты мақсаты екенін атап өтті... Келіссөздер арқасында, сондай-ақ Мысырдағы, Иорданиядағы және Израильдегі Қазақстан елшіліктерінің келісілген іс-қимылдары арқасында бүгінде Газа секторынан азаматтарымызды эвакуациялау процесі басталды.
13 қарашада 44 азаматтан тұратын бірінші топты эвакуациялау жоспарлануда. Оның 40-ы Қазақстан Республикасының азаматы, төртеуі шетелдік әрі олардың отбасы мүшелері", - деді Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, азаматтар сектордан "Рафах" бақылау-өткізу пункті арқылы шығарылады. Пункттен өткеннен кейін қазақстандықтар көлікпен Каир қаласына жеткізіліп, қонақ үйге орналастырылады. Құжаттары толықтай тексерілген соң олар Қазақстанға жіберіледі.
Сонымен бірге Смадияров эвакуацияланғандар қатарында Қазақстаннан бөлек тоғыз елдің - Марокко, Иордания, Ресей, Испания, Швеция, Перу, Нидерланды, Ұлыбритания және АҚШ азаматтары бар екенін мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2045501-sim-gaza-sektorynan-qazaqstandyqtardy-evakuaciyalau-bastaldy/