Заңгерлер балалардың көзінше озбырлық жасайтындарды жазалауды талап етті
Жарияланған күні:
Алматыдағы зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығына көмек сұрап бас сауғалайтын әйел санында шек жоқ. Заңгерлер отбасындағы озбырларды қылмыстық жауапкершілікке тартатын уақыт жетті деп есептейді, деп хабарлайды КТК арнасы.
Телеарна мәліметінше, Алматыда күйеуінен теперіш көргендердің жайы жан-жақты талқыланған жиын өткен. Оған Орталық Азиядағы бес мемлекеттен жиналған сарапшылар аталған мәселені жеке-жеке талдады. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық - көп елде проблемаға айналған тақырып.
"Біздің ұсынысымыз былай. Бұл жерде әкімшілік емес, бұл – қылмыс. Қылмыс ол қылмыстық кодексте болу керек. Қылмыстың құрамы болу керек. Қылмыстың "квалифицирующий признак" дейді, сондайлары болуы керек. Егер балалардың көзінше жасаса немесе басқа да жағдайлар болса, оның өзіне де қатаңдату керек деп санаймыз", - деді адвокат Айман Омарова.
Мамандар еліміздегі әрбір үшінші әйел күйеуінен зәбір көріп өмір сүретінін айтқан. Мәселен, Алматыдағы зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығына көмек сұрап бас сауғалайтын әйел санында шек жоқ.
Дағдарыс орталығына бас сауғалап келген, кішкентайы қырқынан да шықпаған әйел өз тағдырын айтты.
"Ішкен кезде (күйеуі - ред.ескертпесі) селкілдеймін, даладан келе жатыр ма, аяқ-қолымыз дірілдеп тұра алмаймыз. Енем, өзінің шешесіне дейін аяқ-қолы дірілдеп тұра алмай кетеміз, екеуміз, "не істейміз, не істейміз" деп. Қалай қарай қашу керек деп ойлап тұрамыз. Қашып құтылмасаң, басқалай құтылу мүмкін емес. Өйткені сол жерде өлтіреді. Мұрныма дейін сындырып, жағыма дейін сындырып, көкала қойдай қылып", - дейді дағдарыс орталығында тұрып жатқан әйел.
Әйел телеарнаға берген сұхбатында үнемі полицейлерді шақырса, келуден бас тартатынын айтқан. Сотқа да арыз жазуға жүрексінеді. Өйткені сағызша созылатын іс аяқталамын дегенше, күйеуі өзін өлтіріп тына ма деп қорқады.
Қазір бұл дардарыс орталығында жолдасынан теперіш көріп жүрген 50-ге жуық келіншек бар.
"Орталыққа көмек сұрап келетін әйелдер 18-65 жас аралығында. Күйеулері қыздарға зорлық-зомбылық көрсететін себеп өте көп. Ең алдымен үйдегі ер адамның жұмыссыздығы, арақ ішіп, наша шегуі, қала берді ажырасып кетсе де тыныштық бермейді. Физикалық, психологиялық, экономикалық тұрғыдан соққы көп. Мекемеге таяқ жеп, үсті-басы көгеріп, қанжоса болып келеді", - деді Зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының директоры Зульфия Байсакова.
Дереккөз: КТК арнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2046189-zangerler-balalardyn-kozinse-ozbyrlyq-zasaityndardy-zazalaudy-talap-etti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.