Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда оқу бітіріп, ауылына оралған жас жігіт мал шаруашылығын табыс көзіне айналдырды

Опубликовано:

Нұрсұлтан Сағатбек
Нұрсұлтан Сағатбек. Фото: instagram.com/nursultan_sagatbek

Алматы облысы Райымбек ауданы Талас ауылынан шыққан Нұрсұлтан Сағатбек оқуын бітіре сала туған жеріне оралып, мал өсіріп, ата кәсіпті қолға алды. Алматыда жоғары білім алып, ауылға қайтып келген жас жігіт мал бағумен қатар экотуризм бағытында да жұмыс істеп жатыр.

Нұрсұлтан Сағатбек қиындығы мен қызығы көп кәсіпті табыс көзіне айналдырғалы үш жыл болды. Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетін тәмамдаған ол әу баста ауылға қайтып оралатынын білген.

"Мен Алматыда зоотехник мамандығын оқып бітірдім. Келіншегім әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған, қазақ тілі және әдебиеті маманы. Екі балам бар. Жалпы, ауылдың өмірі ұнайды. Ауылда тұрғанды жанымыз сүйеді ғой, ең бастысы. Жылқысыз өмірді елестете алмаймыз. Сол үшін ауылға қайттым. Төрт түлік мал ұстаймыз, шаруашылықпен айналысып жатырмыз. Атамыз, әкеміз кезінде мал баққан. Бірақ өзім нақты шаруашылықпен айналысқаныма үш жыл болды", - дейді ол.

Нұрсұлтанның сөзінше, бұл кәсіптегі басты табыс көзі – мал өнімдері, яғни, ет, сүт, құрт-ірімшік пен май.

"Біріншіден, Алматы қаласына соғым тасимыз және құрт-май, ірімшікке тапсырыс қабылдаймыз. Анамыз Эльмира Нұғыманованың қолынан шыққан мал өнімдері жеке бренд ретінде қалыптасып үлгерді, анамыздың құрт-майына сұраныс өте жоғары, алдын ала бір-екі айға тапсырыс беріп қояды.

Екіншіден, Ернұр деген туған бауырым екеуміз агротуризм, экотуризммен айналысып жатырмыз. Шалкөде жайлауына жазда қонақ күтеміз. Туристер Қазақстаннан да, шетелден де келеді. Киіз үй құрамыз, саумал терапиясы бар", - дейді ол.

Нұрсұлтан Сағатбек
Нұрсұлтан Сағатбек. Фото: instagram.com/nursultan_sagatbek

Малсақ жігіт үш жылда мал басын біраз көбейткен. Алайда, оның сөзінше, жұмысқа кедергі келтіретін мәселелер де бар.

"Жем-шөп мәселесі, жер мәселесі, сол жағынан проблема бар. Шабындық жер жетпейді, жайылымдық жер де керек", - дейді шаруа.

Әзірге Нұрсұлтан малды ет бағыты немесе сүт бағыты деп бөліп қарап отырған жоқ.

"Ең бірінші – малды көбейтіп алуымыз керек. Бірден бола қоймайды. Бірақ қазірдің өзінде шамамыз жеткенше гиссар қошқар, жақсы айғырлар, ангус бұқа әкеп жатырмыз", - дейді кәсіпкер.

Мал өсірген соң оған жақсы күтім керек екені белгілі. Сол бағытта Нұрсұлтан қауіпті індетке қарсы шаралар уақытылы орындалып отыратынын айтады.

"Өзіміз қолдан келгенше дәрілейміз, көктемде, күзде қажетті препараттарды аламыз. Содан соң жақында бір ветеринариялық компаниямен бірлесіп жұмыс істейік деп жатырмыз. Ол қазақтың ветеринарлық сауатын сәл де болса ашуға септігін тигізеді деген ниеттен туған ой", - дейді ол.

Нұрсұлтан Сағатбек
Нұрсұлтан Сағатбек. Фото: instagram.com/nursultan_sagatbek

Нұрсұлтанның алға қойған жоспары көп. Соның бірі агротуризмді дамыту. Өйткені жыл сайын ауылдағы өмір мен таза өнімді қалайтын туристер саны артып келеді екен. Мысалы биыл жазда шамамен 300-ге жуық адам қонақ болып кеткен.

"Жоспарда цивилязация жоқ жерде киіз үй тігіп, қонақ күтетіндей жағдай жасау. Туристер не сұрайды соны беру, яғни қажетті сервисті қамтамыз ету ойда бар. Негізінен біздің экотуризм кәсібін қонақтарымыз әлеуметтік желі арқылы естіп, біліп келеді", - дейді Нұрсұлтан.

Ауылдағы еңбек адамының сөзінше, әркімге өзі сүйген кәсіп оңай. Сондықтан ол жастарға жаны қалаған нәрсені кәсіпке айналдыруға кеңес береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2046411-almatyda-oqu-bitirip-auylyna-oralgan-zas-zigit-mal-saruasylygyn-tabys-kozine-ainaldyrdy/

pixel