Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"18 ауыл үш күн бойы жарықсыз отыр": Павлодар облысында басқарма басшысы отырыс кезінде жұмыстан босатылды

Опубликовано:

Павлодарда өткен жиын
Павлодар облысы әкімі Асайын Байханов жиын өткізді. Фото: Павлодар облысы әкімдігі

Кеше облыс әкімдігінде өңір басшысы Асайын Байханов сенбіден жексенбіге қараған түні болған дауылдың салдарын жою бойынша жиналыс өткізіп, бір мекеме басшысын жұмыстан шығарды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Облыс әкімідігінің мәліметінше, 18-19 қарашада Павлодар облысының аумағында кей жерлерде екпіні 37 м/с жеткен күшті дауылды жел тіркелді. Соның салдарынан облыстың үш қаласында, сондай-ақ, Баянауыл, Павлодар, Шарбақты, Май, Успен, Аққулы аудандарындағы 83 әлеуметтік нысанның шатырлары ұшып кетті. Олардың ішінде 61 мектеп, 10 аурухана, 9 мәдениет үйі және 3 спорт кешені бар. Сонымен қатар күшті жел 63 көпқабатты және 84 жеке тұрғын үйдің шатыры мен қасбетіне зақым келтірген.

Әкімдік өкілдерінің дерегі бойынша электрмен жабдықтау желілерінде 246 авариялық өшіру болған, электр желілерінің 100-ден астам бағанасына зақым келді. Осы уақытқа дейін облыстың 3 ауданындағы 18 ауыл жарықсыз отыр.

Аймақ басшысы Асайын Байханов электрмен жабдықтау желілерін қалпына келтіретін жауапты құрылымдардың жұмысын қанағаттанарлықсыз деп бағалады. Ол "Павлодарэнерго" АҚ бас директоры Олег Щемельге жағдайды өзі қадағалап, өзіне бағынышты ұйымдардың кемшіліктерін барынша жедел түрде жоюды тапсырды.

"Үшінші күн 18 ауылдың тұрғындары электр қуатынсыз отыр. Бұл дегеніміз, үш күн бойы оларда жарық жоқ, байланыс жұмыс істемейді, ал, кейбірінде су жоқ. Көптеген ауыл тұрғыны ұзақ жанатын пештерді және ұңғымаларға арналған сорғыларды пайдаланады. Электр қуатынсыз олар жұмыс істемейді. Қалпына келтіру жұмыстарын жандандыруды және басқа да ұйымдарды тартуды тапсырамын. Егер қолдарыңыздан келмей жатса, бізден көмек сұрау керек", - деді облыс әкімі "Павлодарэнерго" АҚ басшылығына.

Облыс әкімідігің баспасөз қызметінің хабарына сенсек, өңір басшысы қалалар, аудандар әкімдеріне және бірқатар жауапты облыстық ведомстволарға қатаң талаптар қойған.

Жиналыс барысында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салханов өзіне сеніп тапсырылған саладағы жұмысты әлсіз ұйымдастырғаны үшін қызметінен босатылды. Бірнеше жоғары лауазымды шенеунік өз орнында қалды. Олардың алдағы уақытта жұмыс істеу-істемеуі туралы шешім Асайын Байхановтың бүгінгі берген тапсырмаларын орындау қорытындыларына байланысты болмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2046765-18-auyl-us-kun-boiy-zaryqsyz-otyr-pavlodar-oblysynda-basqarma-bassysy-otyrys-kezinde-zumystan-bosatyldy/

pixel