Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Журналистерге жасалған шабуыл: Алматыда бес адамға қатысты сот үкімі шықты

Опубликовано:

Журналистер камерамен.
Журналистер камерамен. Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыда журналистерге шабуыл ұйымдастырған бірнеше тұрғынға қатысты сот үкімі шықты. Іс ювеналды сотында қаралды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қалалық сотқа сілтеме жасап.

Алматы қаласының Ювеналды сотында журналистерге шабуыл ұйымдастырды деген айып бойынша Т.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Оған журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтірді, жеке өмірге және дербес деректерге қол сұғылмаушылықты бұзды, кәмелетке толмағандарды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тартты, қорқытты, бұзақылық жасады, ақпараттық жүйенің жұмысын бұзды және бөтеннің мүлкіне қасақана зақым келтірді деген айыптар тағылды (Қылмыстық кодекстің 158, 147, 132, 115, 293, 207 және 202-баптары).

Сондай-ақ бұзақылық жасау және бөтеннің мүлкін қасақана жою деректері бойынша кәмелетке толмаған К., Т., С., А.-ларға қатысты іс қаралды (Қылмыстық кодекстің 293, 202-баптары).

Сот айыпкер Т.-ның 2022 жылғы шілде - 2023 жылғы ақпан аралығында жеке тұлғаның келісімінсіз, оның дербес немесе отбасылық құпиясын құрайтын жеке өмірі туралы мәліметтерді заңсыз жинап, оны Интернет арқылы БАҚ-қа таратқанын анықтады.

Сонымен қатар, ол кәмелетке толмаған 4 тұлғаны қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға қатыстырған.

Кәмелетке толмаған сотталушылар - К., Т., С., А. бөтеннің мүлкіне зақым келтірген, сондай-ақ бұзақылық жасаған, атап айтқанда редакция ғимаратының шыны есіктері мен терезелерін сындырған, содан кейін автокөлікті қасақана өртеп, жәбірленушіге ауқымды мөлшерде залал келтірген.

Сотталушылардың - Т. мен кәмелетке толмаған К., Т., С., А.-ның кінәлары айыпкерлердің мойындау түсініктемелері және жәбірленушілердің айғақтары арқылы, сонымен қатар тергеу барысында жиналған және сот процесі уақытында зерттелген басқа да дәйектер арқылы дәлелденді.⠀

Прокурор барлық сотталушыны айып тағылған қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп тануды және қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша жазаны өтеуді түпкілікті тағайындауды сұраған.

- Жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылау орнату арқылы Т.-ны 4 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру; - Кәмелетке толмаған К., Т., С., А.-ға жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгілеу арқылы, 1 жыл 4 ай мерзімге бостандықты шектеу түрінде жаза тағайындау.⠀

Сот үкімімен Т. аталған қылмыстар үшін кінәлі деп танылып, оған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін тағайындалған жаза ішінара қосылып, түпкілікті жаза ретінде шартты түрде 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Кәмелетке толмағандар К., Т., С., А. деп танылып, оларға 1 жыл 4 ай бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Екі жәбірленушінің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды. Моральдық залалды өтеу есебінде сотталушы Т. және кәмелетке толмаған сотталушылардың заңды өкілдерінен 3 млн теңге өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, биыл қаңтар айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарына журналистерге қарсы бағытталған бірқатар қылмысқа мұқият тергеу жүргізуді тапсырған болатын. 2022 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың 20 ақпанына дейін Алматы мен Астанада алты журналист пен блогерге, сондай-ақ олардың қызметіне байланысты бір адамға қатысты бірқатар құқыққа қайшы әрекеттер жасалған. Ақпан айында ІІМ өкілдері Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша 20 қылмыстық іс қозғалғанын және тергеліп жатқанын, 18 күдікті ұсталғанын хабарлаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2046942-zurnalisterge-zasalgan-sabuyl-bes-adamga-qatysty-sot-ukimi-syqty/

pixel