Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жастар 200 мың айлықпен тұрғын үйге жинай ала ма": депутат Мұқаев мәжілісте баспана мәселесін көтерді

Опубликовано:

Кілт ұстап тұрған әйел
Кілт ұстап тұрған әйел. Көрнекі фото: pexels.com

Бүгін, қарашаның 22-сі мәжілістің жалпы отырысында депутат Дәулет Мұқаев жастарға арналған ипотекалық бағдарламалар туралы мәселені көтерді. Оның айтуынша, елімізде орташа айлық 200 мың теңгемен тұрғын үйді сатып алу үшін қаражат жинау мүмкін емес, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа жолдаған сауалында қазіргі таңда ипотекалық бағдарламалар азаматтар үшін, әсіресе жастарға тиімсіз екенін айтты. Оның айтуынша, ипотекалық бағдарлама бойынша жастар санатындағы азаматтардың басым бөлігінде жалақы мөлшері - 200 мың. Сол себепті ипотекалық бағдарлама бойынша тұрғын үй алу кезінде тұрғын үй құнының 50 пайызын жинау мүмкін емес.

"Қазір сол жастарымыз әкімдіктің табалдырығын тоздыруда. Талай жиындар шақырып жатыр, министрлік өкілдерін шақырды, бірақ сіздердің тарапыңыздан ешкім келген жоқ. Түсіндірме жұмыстары толық жүргізілген жоқ. Барлығы келісімшарт негізінде деп айтады, бірақ енді бес жылдан кейін, келесі жылы ол жастарымыз қайда барады? Себебі, міне, "7-20-25" жырын барлығымыз білеміз. Одан кейін 50 пайызын жинау мүмкін емес, себебі ол жастарға берілетін жалдамалы пәтерге норма қойылған айлығы 120 мыңнан асуы керек деген. Яғни ол жердегі негізгі санаттың айлығы сол 120 мен 200 мыңның арасында. Бірақ білесіздер, Алматы, Астана, Шымкентте сол 2019 жылдан бері үйдің бағасы екі есеге өскен. Олар қайда барады деген сұрақ туындайды", – деді Дәулет Мұқаев қойған сауалында.

Депутаттың пайымдауынша, Қазақстанда "Елорда жастары", "Алматы жастары" ипотекалық бағдарламаларын ауыстырған жөн.

Алайда Қанат Шарлапаев баспана мәселесінде әлеуметтік осал топтарға басымдық беруі керектігін айтты.

"Біріншіден, бұл жастарға арналған бағдарлама. Тұрғындар аяғына тұрып, ипотекаға пәтер алудың жолдарын іздеуі керек. Бұл ретте мемлекет ұстанымы берік болуы керек деп ойлаймын. Жас, дені сау, еңбекке жарамды, ақша таба білетін азаматтар мен мүгедек балалары бар отбасыларды, жетім балаларды салыстырсақ, онда мемлекет тұрғысынан әуелі екіншісіне басымдық берілуі қажет. Осылайша егер бағдарламада нақты заң мен жас бойынша шектеулер қарастырылған болса, онда өкінішке қарай, бұл адамдар өз-өзін баспанамен қамтамасыз етуге тиіс, өйткені мемлекет жағдайы нашар адамдарға басымдық беруі керек", – деп жауап берді Шарлапаев.

Дәулет Мұқаевтың айтуынша, елімізде "7-20-25" ипотекалық бағдарламасынан бөлек тиімді болатындай өзге бағдарламалар жоқ. Сондықтан азаматтардың тиімділігі жағынан таңдау еркін кеңейту мақсатында тағы бірқатар ипотекалық бағдарлама енгізуді ұсынды.

"7-20-25" лимитін көріп отырсыздар, банктерде 100 млрд әрі кеткенде 30 секундта бітіп қалып жатыр. Енді сіз маған айтыңызшы, 200 мың айлықпен сол жастарымыз үй құнының 50 пайызын жинай ала ма?

Егер оларға басқа мүмкіндіктер беретін бағдарламалар болса, мен үндемес едім. Бұл мәселені парламентте көтермес едім. Енді өзіңіз айтыңызшы, 200 мың айлықпен үй бағасының 50 пайызын жинауға мүмкіндік бар ма жастарда?", - деді мәжіліс депутаты.

Бұл ретте Қанат Шарлапаев дені сау, жұмыс істеуге қабілеті бар адамдар тұрғын үй не пәтер алуға өздері ақша жинауы керек деген пікірін айтты.

"Түсінемін, әркімнің мәселесі әр түрлі, бірақ қайталап айтамын, мемлекет тарапынан мүгедектігі бар балалар мен жұмыс істеп, табыс таба алатын адамдардың арасында таңдайтын болсақ, онда кешіріңіз, мен мүгедек балаларға басымдық берер едім...

Ал балама бағдарламаларға келер болсақ, тиісті бағдарламалар жеткілікті. Жауап біреу ғана – (азаматтар – ред.) қаржы сауатын арттырып, ақша үнемдеуге, бұрыннан бар бағдарламалар аясында ипотека алуға тырысуы керек", – деп қорытындылады министр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2047030-zastar-200-myn-ailyqpen-turgyn-uige-zinai-ala-ma-deputat-ipotekalyq-bagdarlamalar-turaly/

pixel