Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Екібастұздағы ЖЭО апаты: бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалар сотталды

Опубликовано:

Екібастұз
Екібастұз қаласы. Көрнекі фото: Павлодар облыстық прокуратурасының ресми сайты

Павлодар облысы Екібастұз қалалық сотында "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС, "Екібастұз жылу электр орталығының" және "Екібастұз жылу желілері" басшылығына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Екібастұз қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оларға қатысты ауыр зардаптарға әкеп соққан, қызметтеріне адал қарамау салдарынан өз міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша қылмыстық істі қарады (Қылмыстық кодекстің 254-бабы).

М., В. және Г., жоғарыда аталған Екібастұз қаласының коммерциялық ұйымдарында басқару функцияларын жүзеге асыратын тұлғалар бола отырып, 2022-2023 жылдарға жылу беру кезеңіне дайындық жұмыстарының толықтығын қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдамағаны анықталған.

"Сотталушылардың абайсыз жасаған құқықбұзушылығы бойынша өз міндеттеріне адал қарамау нәтижесінде 2022 жылғы 27 қарашада Екібастұз қаласында "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС жылу желілерінде апат болды, бұл ауыр зардаптарға және қалада төтенше жағдай режимін енгізуге әкеп соқтырды", - делінген сот хабарында.

Сотталушылардың кінәсі жауап алынған куәлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және бас сот талқылауы барысында зерттелген өзге де дәлелдемелер жиынтығымен дәлелденгені айтылады.

Соттағылардың айтуынша, бұл қылмыс ауыр емес қылмыстар санатына жатады және оны жасағаны үшін заңда 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Бұл ретте ауырлататын мән-жайлардың болмауына және жеңілдететін мән-жайлардың болуына байланысты жаза мөлшері көрсетілген мерзімнің жартысынан, яғни 2 жыл 6 айдан аспауға тиіс (Қылмыстық кодекстің 55-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы).

Заң бойынша жазаның неғұрлым қатаң түрі, сотталған адамды түзету және оның жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алуға жазаның неғұрлым жеңіл түрін қолдану арқылы қол жеткізу мүмкін болмаған жағдайда ғана тағайындалады.

"Сотталушылардың жеке басы мен отбасылық жағдайын, олардың ауыр зардаптардың туындауына абайсыз кінәсін ескере отырып, сот оларға пробациялық бақылау белгілеп, мәжбүрлі еңбекке тарта отырып, әрқайсына 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу түріндегі жазаны тағайындады. Сондай-ақ сотталғандар коммерциялық ұйымдарда 3 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды", - делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, Екібастұздағы ЖЭО апаты 2022 жылдың 27 қарашасына қараған түні болды. Бірнеше қазандық агрегаттарының апаттық сөнуі нәтижесінде қаланың бір бөлігі 30 градустық аязда жылу мен ыстық сусыз қалды. Кейін Екібастұзда ТЖ режимі жарияланды. Білім беру нысандары қашықтан оқыту форматына көшті, балабақшалардың жұмысы тоқтатылды. Қыс бойы қала тұрғындары пәтерлердегі суыққа шағымданды. Кейбір көпқабатты үйлерде батареялар жарылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2047245-ekibastuzdagy-zeo-apaty-buryngy-zogary-lauazymdy-tulgalar-sottaldy/

pixel