"45 мың теңге алған": Астанада шетелдік туристі алдаған такси жүргізушісі ұсталды
Жарияланған күні:
Астанада такси жүргізушісі шетелдік азаматты әуежайдан қонақ үйге жеткізгені үшін 45 мың теңге ақы алған. Ер адам өз кінәсін толық мойындаған, деп хабарлайды Polisia.kz.
"22 қарашада 102 арнасына қонақ үй әкімшісінен хабарлама келіп түсті. Ол такси жүргізушісінің Үндістан азаматын Астана әуежайынан қонақүйге жеткізгені үшін 45 000 теңге алғанын хабарлады. Іздеу іс-шараларын өткізу барысында көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері елордалық таксопарктердің бірінің жүргізушісін ұстады. Ол шетелдікті алдап, халықаралық әуежайдан қонақүйге дейінгі бағаны әдейі көтерген", - деп мәлім етті полиция өз хабарламасында.
Ұсталғаннан кейін такси жүргізушісі өз кінәсін мойындап, залалды толық көлемде өтеген.
Қазір құқық бұзушыға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 190-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2047603-45-myn-tenge-algan-astanada-seteldik-turisti-aldagan-taksi-zurgizusisi-ustaldy/