Салтанат Нүкенованың ағасы Алматыда өткен митингке қатысып, сөз сөйледі (фото, видео)
Жарияланған күні:
Бүгін, 26 қарашада Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы санкцияланған митинг өтті. Шараға жақында қаза тапқан Салтанат Нүкенованың ағасы да қатысты. Оның өліміне күйеуі Қуандық Бишімбаев күдіктелуде, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Оңтүстік астанада өткен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы митингте марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді сөз сөйледі. Ол саханаға қайтыс болған қарындасының суретін ала шықты.
"Бұл – менің қарындасым Салтанат. Соңғы екі аптада біздің өміріміз түбегейлі өзгерді. Мен қаншама қайғыны, қорқынышты көрдім, қазір қиын жағдайда жүрген қаншама қыздың әңгімесін тыңдадым. Басымыздағы қайғы-қасіретті ешқашан ұмыта алмаймын. Өкінішке өарай, біздің әлем осындай. Сондықтан өз қолымызға алуымыз керек, жаңа заңдарды қалыптастыруда қоғам мен халықты бақылауға алуымыз керек. Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылық қарсы күрес тұрғысынан", – деді Айтбек Амангелді.
Айтбек Амангелді әлемді өзгерту үшін алдымен әркім өзінен бастауы керек деп есептейді. Ол бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері туралы ашық айтып, көмек сұрау керектігін жеткізді.
"Отбасыммен бұл жолды өзіміз таңдаған жоқпыз. Біз көп нәрседен айырылдық, қайғы-қасірет шектік. Ең бастысы, бұл күйде біздің басымыздан өтіп жатқан жайтты ешкім ешқашан сезінбесе екен дейміз. Бір-бірімізді жерге қаратпай, көмектесейік", - деді ол.
Анықталғандай, митингке 300-ге жуық адам қатысқан.
Еске сала кетейік, Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен күйеуі, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев ұсталған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2047659-saltanat-nukenovanyn-agasy-almatyda-otken-mitingke-qatysyp-soz-soiledi-foto-video/