"Шымбұлақ" пен "Шахдаг" түркі әлемінің тау шаңғысы курорттары альянсын құрды
Жарияланған күні:
20 және 25 қараша аралығында Бакуде (Әзірбайжан) "СПЕКА" экономикалық форумы өтті, оған Қазақстан, Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан қатысты. Форумда түркі елдерінің тау шаңғы курорты альянсын құру туралы меморандумға қол қойылды.
Форум аясында «СПЕКА елдерінің көрмесі: орнықты даму мақсатында өңірлік ынтымақтастық» SPECA Expo көрмесі өтті, онда «Шымбұлақ» тау курорты мен «Шахдаг» туристік орталығы Kazakh Tourism бірыңғай тақтасында көрсетілді.
Маңызды шара аясында курорттар ынтымақтастық туралы келісімге, сондай-ақ халықаралық қатынастар мен іскерлік ынтымақтастықты нығайту мақсатында түркі елдерінің тау шаңғысы курорттарының альянсын құру ниеті туралы меморандумға қол қойды.
Курорттар алдына жаңа Альянс шеңберінде мынадай мақсаттар қойылды: кәсіби жұмыс және озық тәжірибелерді алмасу үшін жағдайлар жасау, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, альянстың медиа ресурстарында туристік өнімді бірлесіп ілгерілету, қатысушы елдердің табиғи және мәдени мұрасын сақтау және өзара дамыту, сондай-ақ Түркі елдерінің тау курорттары альянсына қосылу.
Сондай ақ курорттар алдағы маусым аясында стратегиялық міндеттерді белгіледі:
- бірыңғай ski-pass және альянстың құрамына кіретін курорттар арасында ыңғайлы туристік бағыттарды әзірлеу;
- іс-шаралардың, көрмелер мен конференциялардың бірыңғай күнтізбесін құру;
- бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дәріптеу шеңберінде халықаралық спорттық іс-шараларды бірлесіп өткізу;
- іс-шаралар шеңберінде Альянс қатысушыларының тақырыптық этно-аймақтарын ұйымдастыру арқылы мәдени алмасуды құру;
- тау курорттарын басқару саласында кадрлар даярлау бойынша өңірдегі бірінші корпоративтік университетті құру;
- альянс құрамына түркі елдерінің тау курорттарын тарту.
Форум аясында өткен баспасөз конференциясында «Шымбұлақ» МК Бас директоры Ринат Абдрахманов жаңа Альянс құрудың ерекше рөлі мен маңызын атап өтті.
«Бүгінгі меморандумға қол қою – біздің курорттарымыз үшін тарихи сәт қана емес, сонымен қатар Түркі елдерінің тау шаңғысы туризмін дамытудағы күш-жігерін біріктірудің символы. Біздің серіктестігіміз аталмыш саланы дамытып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарға бірегей тәжірибе жасау үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Біздің бастамамызды басқа қатысушы елдер толық іске асырғанына және қолдағанына қуаныштымыз», - деп атап өтті ол.
«Шахдаг» туристік орталығының бас директоры Рустам Наджафов Абдрахмановтың сөзін қолдап, курорттар арасында ғана емес, сонымен қатар қатысушы елдер арасындағы өңірлік қатынастарды нығайтуға үлкен қадам жасағанын жеткізді.
«Мен бұл Альянсты құру тек аймақтарды біріктіру ғана емес, сонымен қатар мәдениет пен мүмкіндіктердің бірігуі деп санаймын. Тек курорттар арасындағы ғана емес, халықтар арасындағы байланысты нығайтатын үлкен қадам жасаймыз. Осынау қонақжайлық пен спорттық мүмкіндіктер өзара түсіністік пен бірлікке негізделген аймақтың дамуындағы жаңа кезең», - деді Наджафов.
«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Қайрат Сәдуақасов СПЕКА бағдарламасы шеңберінде үкімет деңгейінде ғана емес, серіктестік бизнес деңгейінде де интеграцияның маңызын атап өтті.
«Альянс мүшелерінің корпоративтік университетті құруы – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жолындағы маңызды қадам. Kazakh Tourism онлайн академиямызға дәрістерін орналастыратын алаң, сондай-ақ оқыту бағдарламаларын әзірлеуде әдістемелік қолдау көрсетеді».
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2047801-symbulaq-pen-saxdag-turki-aleminin-tau-sangysy-kurorttary-alyansyn-qurdy/