Қарағанды облысының тұрғыны "Вагнер" құрамында соғысқаны үшін сотталды
Жарияланған күні:
Қарағанды облысының тұрғыны Украинада "Вагнер" құрамында соғысқан. Оған айып тағылып, соты өтті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сотқа дейінгі тергеу органдары тұрғын Қылмыстық кодекстің 170-бабының 3-бөлігі бойынша, атап айтқанда жалдамалының қарулы қақтығысқа, әскери іс-қимылдарға және конституциялық құрылысты құлатуға және бұзуға немесе мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерге қатысты деп айыптаған.
Сотталушы биылғы наурыз айында Қарағанды облысының Топар кентіндегі үйінде "ВКонтакте" әлеуметтік желісі арқылы "Вагнер" жеке әскери компаниясы туралы біліп, ақшалай сыйақы алу мақсатында Украина аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдарға қатысуға келіскен.
Содан соң Ресей аумағына барып, жоғарыда аталған ЧВК қатарына қосылып, онда ол әскери дайындықтан өткен. Сәуірдің аяғында ол Украина аумағында орналасқан Бахмут қаласына барып, Украинаның конституциялық құрылымын және аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған іс-қимылдарға қатысқан, оның барысында ол жараланған.
Прокурор сот отырысында сотталушыдан жалдамалы ретінде алынған ақшаны тәркілеуді және оған 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Қорғаушы сотталушыға бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушының кінәсін толық мойындауынан басқа, оның құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі іс бойынша жинақталған дәлелдемелермен расталған.
Айта кетейік, 170-бабының 3-бөлігінің санкциясы мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Сот Ш. кінәсін толық мойындауын жеңілдететін жағдай деп таныды. Сонымен қатар сот сотталушының іс-әрекетінде кінәні ауырлататын мән-жайлар анықталмағанын есепке алған.
"Сот Қарағанды облысының тұрғынын 55-бабының 2-бөлігінің 2) тармағының талаптарын қолданып, оған жеңілдететін мән-жайлар болғанын және ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескеріп, яғни ауыр қылмыс жасаған кезде жазаның мерзімі немесе мөлшері үштен екісінен аспауға тиіс, бұл 6 жыл 8 айды құрайды", - делінген сот хабарында.
2023 жылғы 28 тамыздағы сот үкімімен Ш. жалдамалы ретінде алынған ақшалай қаражатты тәркілей отырып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2048191-qaragandy-oblysynyn-turgyny-vagner-quramynda-sogysqany-usin-sottaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.