Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақмола облысында Art Sport бағдарламасын іске асыру кезінде мемлекетке 16 млн теңге шығын келген

Опубликовано:

Ақша ұстап тұрған ер адам
Ақша ұстап тұрған ер адам. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Ақмола облысында прокурорлар Art Sport бағдарламасын іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметіне тексеру жүргізіп, бұзушылықтарды аныктады, деп хабарлайды Ақмола облысы прокуратурасының ресми сайты.

Ведомство ақпараты бойынша, Art Sport бағдарламасы балаларға спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуға мүмкіндік беру үшін арналған. Бағдарлама аясында мемлекет жеткізушілердің кеңсені жалға алу құны мен жаттықтырушыларға төленетін жалақы шығындарын өз мойнына алады.

Алайда міндетіне бей-жай қарайтын кәсіпкерлер бұл бағдарламаны бюджет қаражатын жымқыру үшін пайдаланған. Тексеру барысында жалған секциялар мен үйірмелерді ашу, "өлі жандарды" рәсімдеу деректері анықталған.

Мысалы, Ерейментау қаласында кәсіпкер үстел теннисі және шахмат бойынша секциялар, сондай-ақ домбыра мен би үйірмелерін ашқан. Бірақ домбыра және шахмат ойыны бойынша сабақтар іс жүзінде өткізілмеген, ал қалған үйірмелерге қатысатын балалардың саны құжаттарда асыра сілтеп көрсетілген. Ұрланған бюджет қаражатының жалпы сомасы 6 млн теңге.

Прокуратура бұл дерек бойынша қылмыстық істі тіркеді, ол кейіннен сотқа жолданды.

Сот үкімімен аталған кәсіпкер Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі бойынша 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Мемлекетке келтірілген материалдық залал өтеліп, шарт бұзылды.

Ал Көкшетау қаласында кәсіпкерлердің бірі волейбол және үстел теннисі секцияларын тіркеген. Екі секцияда да бірдей балалар болған, ал іс жүзінде олар тек волейболға барған. Теннис сабақтары өткізілмегенімен, кәсіпкер бюджет ақшасын алғаны туралы табель толтырған. 6 ай ішінде ол 1 млн теңгеден астам бюджет қаражатын иемденген.

Қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылып, келтірілген залал өтелді, бұл кәсіпкермен де шарт бұзылған.

Прокуратура мәліметіне сүйенсек, тексеру нәтижесі бойынша алаяқтық деректермен аталған кәсіпкерлерге қатысты жалпы 5 қылмыстық іс қозғалды, мемлекетке келтірілген залал көлемі 16 млн теңгеден асты.

Бүгінде барлық істің тергеуі аяқталды, 3 айыптау үкімі шығарылып, мемлекетке келтірілген залал толық өтелді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2048228-aqmola-oblysynda-art-sport-bagdarlamasyn-iske-asyru-ayasynda-memleketke-16-mln-tenge-sygyn-kelgen/

pixel