Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыдағы жаңа туған сәбилерді сату ісі: сотта істің жай-жапсары айтылды

Опубликовано:

Cәбидің аяғы
Жаңа туған нәресте. Көрнекі сурет: pixabay.com

Алматының апелляциялық сот сатысы жаңа туған сәбилер саудасымен айналысқан жеті адамға қатысты үкімді күшінде қалдырды. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Айта кетейік, бұған дейін сотталушылар бірінші сатыдағы үкім бойынша қылмыстық топтың құрамында кәмелетке толмаған балаларды сатып алу-сату және сыйға тарту (28-баптың 135-бөлігі), ұйымдасқан топты құрғаны және оған жетекшілік еткені (262-бап) және жалған құжаттарды бірнеше мәрте дайындағаны (385-бап) үшін кінәлі деп танылған болатын.

Сот хабарына қарағанда, 2018 жылдан бастап 2022 жылғы наурызға дейін А. (АХАЖ-дың бұрынғы қызметкері) балаларды сатып алу-сату және басқа да мәмілелер бойынша 4 эпизодты өз бетінше жасаған.

А. қылмыстық топ құрып, оның құрамына С. және Е. (жұмыссыздар) және белгісіз Э. есімді әйел кірген. Осы қылмыстық топтың мақсаты жаңа туған сәбилерге қатысты сатып алу-сату және басқа да мәмілелер жасау арқылы табыс табу болған.

А.-ның міндеттеріне қылмыстық топқа жалпы басшылық жасау, сондай-ақ туу туралы куәліктер жасау кірген. С., Е. және белгісіз әйел Э-нің міндеттері жаңа туған сәбилерінен бас тартуға дайын адамдарды және жаңа туған балаларды асырап алуға ниет білдірген адамдарды іздеу және келіссөздер жүргізу, ақша алу және кейіннен оларды А-ға беруді қамтыған.

"Г., Б., М. және Н.-ның әрқайсысы жаңа туған сәбилерге қатысты сатып алу-сату мәмілелерінің бір эпизодына ғана қатысқан және қылмыстық топқа кірмеген. Іс бойынша барлығы 12 жаңа туған сәбиге қатысты сатып алу-сату және сыйға тарту мәмілелері жасалды. Сонымен қатар, Б.-ға алаяқтық жасады деген айып тағылған, яғни жәбірленушінің атына 1 000 000 теңгеге жуық сомаға несиені алаяқтық рәсімдеу арқылы ақша жымқырды деп айыпталды", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ сот Г. және Б.-мен бірге тұратын тұлғалар жаңа туған сәбиін сатудан өз еркімен бас тартқанын анықтады, бірақ А. мен белгісіз әйел Э. оларды алдап, баланы алып, сатып жібергені анықталған.

"Қылмыстық қудалау органы балаларынан бас тартқан аналарға және осы балаларды өздері асырап алу үшін сатып алған адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеу барысында қылмыстық істер Қылмыстық кодекстің 65-бабы бойынша әрекетті өкініш білдіргені үшін тоқтатылғанын атап өткен жөн", - дейді сот өкілдері.

Сотталушы әйелдер М. (1956 жылы туған) 67 жаста және Н. (1953 жылы туған) 70 жаста екен. Олар босанған әйел бас тартқан баланы осы сәбиді асырап алғысы келген тұлғаларға өтеусіз берудің бір эпизодына қатысқан. Осы айыпталушылар М. және Н. өз кінәсын толық мойындап, тергеу жұмысында серіктестік танытқан және өкініш білдіргені үшін өзін қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұраған.

Сотта прокурор барлық айыптау эпизоды бойынша айыптауды қолдап, соттан айыпкерлерге 9 жылдан 16 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сотталушы А., С. және Е. кінәсын ішінара мойындап, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұраған. Г. мен Б. кінәсын ішінара мойындап, қылмыс жасаудан бас тартқанын және баланы бергісі келмегенін атап өтті, олар да бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. М. мен Н. - кінәсын толық мойындап, өкініш білдіргені үшін 65-бап бойынша істі тоқтатуды немесе бас бостандығынан айырусыз жаза тағайындауды сұраған.

Сот үкімімен А., С. және Е. қылмыстық топ құрамында кәмелетке толмағандарға қатысты мәмілелер жасасқаны үшін тағылған барлық айып бойынша кінәлі деп танылып, сотталған. А. 14 жылға, ал С. мен Е. әрқайсы 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. А. 385 баптың 1 және 2-бөліктері бойынша айып тағылған 11 эпизодтың 6-ауы бойынша (құжаттарды қолдан жасау) қылмыстық құқық бұзушылық құрамының дәлелденбегені үшін ақталып шықты.

"Г. және Б. - ҚК-нің 135 б., 2 б., 1 т. бойынша кінәсіз деп танылды және қылмыстық құқық бұзушылық құрамының жоқтығы үшін ақталды; Б. Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігі (онша ауыр емес) бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды, сондай-ақ жаза мерзімінде қамауда ұстау мерзімін есепке жатқызу қағидаларына сәйкес өтеліп қоюына байланысты оны өтеуден босатылды", - делінген сот хабарында.

М. мен Н. кінәлі деп танылып, өкініш білдіргені үшін Қылмыстық кодекстің 65-бабы бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылған.

Жергілікті білім басқармаларына қолданыстағы заңнамаға сәйкес заңсыз асырап алынған балалардың тағдырын анықтау туралы жеке қаулы жіберілгені айтылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2048266-almatydagy-zana-tugan-sabilerdi-satu-isi-sotta-istin-zai-zapsary-aityldy/

pixel