Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шәріпханов Алматыдағы өрт туралы: Бұл хостелдің бар екенін әкімдік те, ТЖД да білген жоқ

Опубликовано:

Сырым Шәріпханов
Сырым Шәріпханов. Фото: ТЖМ ресми сайты

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Алматыда өткен брифингте хостелдегі өртті сөндіруде қандай қиындық кездескенін мәлім етті. Сондай-ақ министр жертөледе орын тепкен хостелдің барын мемлекеттік органдар, тіпті қалалық ТЖД білмегенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Министр Сырым Шәріпхановтың айтуынша, өрт жертөленің тар дәлізінен шыққан.

"Бұл ғимараттың жертөлесі мен бірінші қабаты хостелге айналдырылған. Жертөледе бір-бірінің үстіне жиналған көп ортопедиялық матрас тұрған. Өртті сөндіруді сол қиындатты. Расында да жертөледе болғандардың қашып шығуға мүмкіндігі аз болды, біздің өрт сөндірушілерге де сол кедергі келтірді. Матрастар бықсып жанып жатқан. Құтқарушылар келгенге дейін түтін жиналып қалған. Олар қысқа мерзімде өртті оқшаулап, толық сөндірді", - деді ТЖ министрі.

Шәріпханов аталған хостел бір жарым ай бұрын ғана еш рұқсатсыз хостелге айналдырылғанын атап өтті.

"Құрылыс және санитарлық нормаларға сәйкес, жертөлелерде хостел, жатақхана, қонақ үй ашуға қатаң тыйым салынады. Осыған қарамастан жалға беруші - "Халық банк" бұғатталған үй-жайды жалға алушының мұқтаждығына берген. Осыған байланысты үкіметтік комиссия құрылды, оның құрамына түрлі ведомстволардың өкілдері кірді. Қажетті жұмыстар жүргізілетін болады. Қазір осы комиссияның құрамына кіретін барлық лауазымды тұлға өрттің себебін, кінәлілерді, өртке жауапты қызметкерлерді анықтау жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп жатыр. Атқарылып жатқан жұмыстар аясында жан-жақты жұмыстар жүргізіліп, идеологиялық тұрғыдан соңына жеткізіледі, осы оқиғаға кінәлі адамдар жауапқа тартылады", - деді ол.

Сырым Шәріпхановтың сөзіне сүйенсек, баспанасыз қалғандар көршілес хостелдерге орналастырылған. Ал жақындарынан айырылған адамдарға туыстарының қайтыс болғаны туралы хабарланған. Министр қаза тапқан азаматтардың аты-жөні жақын арада БАҚ өкілдеріне беріледі деп уәде берді.

Оның сөзінше, өртенген хостел тексеру жұмыстарынан тыс қалған. Себебі оның барын ешбір мемлекеттік орган білмеген.

"Бұл хостелде тұратын студенттер оқу орындарына баспанаға мұқтаж екенін айтқан жоқ. Олар университет әкімшілігіне жатақханаға мұқтаж екенін және осы хостелге орналасатындарын хабардар етпеген, яғни әкімдікте де, басқа мемлекеттік органдар да оның ішінде Төтенше жағдайлар департаменті де бұл хостелдің бар екені туралы білмеген", - деді министр.

Төтенше жағдайлар министрі мұны құзырлы органдар шағын кәсіпкерлік нысандарын тексеруге мүмкіндігі жоқ екендігімен түсіндірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2048445-saripxanov-almatydagy-ort-turaly-bul-xosteldin-bar-ekenin-akimdik-te-tzd-da-bilgen-zoq/

pixel