"Мүгедек ата-анасын бағу үшін аспаз болған": Алматыда хостелдегі өрттен қаза тапқан 20 жастағы жігітті жер қойнына тапсырды
Жарияланған күні:
Кеше Алматыда хостелде 13 азамат өрттен көз жұмған болатын. Бүгін Түркістан облысында аталмыш қайғылы оқиғадан көз жұмған алты азамат жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды КТК арнасы.
КТК арнасының мәліметіне сүйенсек, марқұмдардың біреуі кәмелетке толмаған, 15 жастағы бозбала. Тағы біреуі - студент, қалғаны жұмыс істеуге барғандар.
Арна мәліметіне сүйенсек, Қазығұрт ауданы Сынтас ауылының тұрғыны Бейбарыс Әлдибек осыдан үш ай бұрын Алматыға жұмыс істеуге шыққан. 20 жастағы Бейбарыс Алматыдағы хостелде шыққан өрттен қаза тауып, үйіне табытпен оралды.
Үш ағасы үйленіп, еншісін алып шыққан соң сөйлей алмайтын мүгедек әке-шешесін бағу үшін Бейбарыс Алматыдағы фаст-фут орталығында аспаз боп жұмыс істеген. Өзі үнемі ақша жіберіп тұратын жігіт ата-анасымен соңғы мәрте видеобайланыс арқылы сөйлесіп, жалақысы кешіктіріліп жатқанын айтқан және ақша сұраған.
"Алдыңғы күні видеобайланыспен сөйлестік. "Қалайсың" деп сұрады. "Мама, ақша беріңізші, 3 мың теңге". "Қашан ауылға келесің" дегенімде, "1-2 күнде келем деп айтты". Тез қайт десем, "1-2 күнде келем" деп айтты. Ақшасын бермегеннен кейін сол жақта қалды. Айлығын күткен шығар. Маған үкіметтің 1 млн теңгесі қажет емес. Маған баламның өзі керек. Неге соны қадағаламайды? Терезе немесе өрт дабылын неге қоймаған", - деді көз жасына ерік берген марқұмның анасы Баян Садырбаева. Оның сөздерін жанындағы жақындары аударып отырған.
КТК арнасының мәліметіне сүйенсек, шенеуніктер енді ауылға төрт жыл бұрын келген газды осы ай ішінде марқұмның үйіне кіргізіп беруге уәде еткен. Марқұмның 40 күндік асын да аудан әкімдігі өз мойнына алған. Олар қайғыдан қан жұтқандар есін жиған соң, мүгедектер тұратын үйдің барлық мәселесін шешуге уәде берген.
"Газ қазір шаңырағына келіп тұр. Тек қосу ғана қалды. Бір екі апта көлемінде қосып береміз. Иә, қазандықтарын алып береміз. Газды қосып береміз. Жанұяға қандай жәрдем керек болады, соның бәрін мекеме тарапынан жәрдем береміз", - деді Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2048749-turkistan-oblysynda-almatydagy-xostelde-koz-zumgan-6-azamat-zer-qoinyna-tapsyryldy/