Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда жас ғалымдарға арналған тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды

Опубликовано:

ғалым
Ғалым. Көрнекі фото: pixabay.com

Елімізде жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама "Отбасы банк" пен Ғылым және жоғары білім министрлігі арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы келісім аясында жүзеге асырылып отыр, деп хабарлайды "Отбасы банктің" баспасөз қызметі.

Заем алу туралы өтініштерді қабылдау кеше, 1 желтоқсанда басталған.

Бағдарлама 5 жыл бойы жүзеге асады. Осы жылдар аралығында ғылыми ұйымдар мен жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім беру ұйымдарының жас ғалымдары қолжетімді шарттармен тұрғын үй ала алады.

"Ғылыми жаңалықтар мен жаңа технологиялар еліміздің экономикалық өрлеуінің маңызды факторы болып табылады. Жаңа технологияларды жасап, онымен жұмыс істей алатын кадрларды дайындаудың да маңызы зор. Бұл рөл ғалымдарымызға жүктелген. Аталмыш кәсіптің беделін көтеріп, қолдау көрсетуіміз керек.

Ғалымдарымыз күнделікті мәселелерді ойламай, ғылымға ден қоюы үшін өз тарапымыздан оларға баспана мәселесін шешуге көмектесуге дайынбыз. Біз Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, "Отбасы банктен" жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз, ең төменгі 10 пайыздық алғашқы жарнамен несие алуға мүмкіндік беретін бағдарламаны іске қосып жатырмыз", - дейді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

"Отбасы" банктің баспасөз қызметінің мәліметінше, министрлiк, қызметкерлерi жеңiлдетілген шарттармен заем ала алатын ғылыми ұйымдар мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру ұйымдарының тiзімін құрып, банкке ұсынады. Ал қатысушылар пулын жұмыс беруші белгілейді.

Ғылыми ұйымдардың бірінші басшылары қол қойған жолдаманы алған бағдарламаға қатысушылары төлем қабілеттілігін бағалату үшін банкке жолдама алады.

Баспананы алғашқы немесе екінші нарықтан сатып алуға болады. Заемның жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз (ЖТСМ 5,2 пайыздан бастап) беріледі. Алғашқы жарна 10 пайыздан 50 пайызға дейін болады. Бағдарламаға қатысушысына берілетін ең жоғары заем сомасы 20 млн теңгеге дейін.

Сондай-ақ "Жасыл ипотека" бағдарламасы аясында да заем алу мүмкіндігі бар. Оның ең жоғрғы сомасы 35 млн теңгеге дейін. Несие бойынша мөлшерлеме жылдық 8 пайыз (ЖТСМ 8,2 пайыздан бастап). Алғашқы жарна – 20 пайыздан 50 пайызға дейін.

Ғалымдарды несиелендіру бағдарламасына қатысушының жасы 40 жастан аспауы тиіс. Сонымен қатар оның және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда баспанасы болмауы керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2048764-qazaqstanda-zas-galymdarga-arnalgan-turgyn-ui-bagdarlamasy-iske-qosyldy/

pixel