Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Белгілі сатирик Асқар Наймантаев өмірден өтті

Опубликовано:

Асқар Наймантаев
Асқар Наймантаев. Фото: instagram.com/askar.naimantaev

Белгілі сатирик, актер, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаев дүниеден озды. Суыт хабарды дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Асқар ағамыз бақиға аттаныпты. Қайран асыл ер… Алла алдыңнан жарылқасын", - деп жазды Ерлан Рысқали Facebook-тегі парақшасында.

Асқар Наймантаев Instagram желісіндегі парақшасында соңғы рет осыдан 5 күн бұрын ауруханада жатқан фотосын жариялаған.

Wikipedia-дағы мәліметке сүйенсек, Асқар Әбдіғалымұлы Наймантаев 1965 жылы 17 маусымда Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Нарынқол ауылында дүниеге келген.

Ол режиссерлық кәсіппен мектеп қабырғасында жүргенде-ақ айналыса бастаған. Мектеп сахнасында 6-сыныптан бастап Қ.Жетпісбаевтің "Бала мерген", С.Жүнісовтың "Жаралы гүлдер" сияқты бірнеше спектакьлді сахналаған.

Кейін "Алматы театр және көркемсурет" институтына түсіп, "театр және кино актері" мамандығы бойынша біліп алып, М.О.Әуезов атындағы академиялық драма театрға жолдама алған. Асқар Наймантаев театр сахнасында көптеген спектакльде басты рольдерді сомдаған.

Ж.Тәшенов, И.Саввинннің "Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп шақырды" спектаклінде Нұртаза ролін, Ш.Айтыматовтың "Ғасырдан да ұзақ күн" спектаклінде Сәбитжан ролін, М.Мақатаевтың "Қош махаббатында" Қасым, Ж.Аймауытовтың "Ақбілегінде" Балташ рольдерін ойнаған.

Қазақ эстрадасының сахнасында Асқар Наймантаев "Тамаша" ойын-сауық отауы арқылы көпшілікке танымал болды. Кейінірек сатирик "Терісқақпай", "Аққу-Гәкку" комедиялық театрларының негізін қалаған.

Актер киноға да түсе бастап, "Домашние войны", "Бастық боламын", "ОрыStar в Шымкентте", "Детектив әже" ,"Туысқандар", "Бұйымтай", "Өсекшілер" "Внуки в ауле" комедиялық сериалдарында, Сатыбалды Нарымбетовтың "Аманат", Бақытас Санитастың "Тезек" фильмдердінде де басты рольдерді сомдады.

Асқар Наймантаев ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырларын дәріптеуші ретінде де едәуір еңбек еткен. 2018 жылы Мұқағали Мақатев шығармасының желісімен "Аққулар ұйықтағанда" атты қысқаметражды, көркем-поэтикалық фильм, 2019 жылы "Вампир күйеу" атты комедиялық фильм түсірген.

Сондай-ақ Асқар Наймантаев эстрада өнерінің сахнасында "Ретро жұлдыздар шақырады", "Айтыңыз қабыл болсын", "Жаңа жылға-жаңа жұлдыздар" "Қазақша дискотека" сынды көптеген танымал жобаның ұйымдаструшы-режиссері, сатира театрларындағы қойылымдардың авторы.

Асқар Наймантаев тележүргізушы ретінде "TamashaTV" арнасында "Бір ғанибет", "Jastar TV" арнасында "Масқара шоу" хабарларын жүргізді.

Бұдан бөлек, Асқар Наймантаев Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында ұстаздық еткен.

Оның студенттерге арналған "Конферансье - актер және көркемсөз шебері" кітабы, сатиралық "Теріс кітап" жинағы мен "Алтын тордан шыққан ән" атты жинағы жарық көрген.

2020 жылы Алматы облысы Райымбек және Ұйғыр аудандарында "Хантәңірі" және "Қарадала" театрларын ашып, төл мәдениетіміздің дамуына зор үлес қосты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2048772-belgili-satirk-asqar-naimantaev-omirden-otti/

pixel