Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Домбыра – менің медитациям": күй тартып, жұртты тәнті еткен аспазшы Михаил туралы не білеміз

Опубликовано:

Михаил Әбуов
Михаил Әбуов. Фото: turkystan.kz

Желіде домбырамен "Балбырауын" күйін күмбірлете жөнелген аспазшы Михаилдың бейнежазбасы аз уақыт ішінде миллионға жуық қаралым жинап, ол көпшіліктің ықыласына бөленген еді. Turkystan.kz тілшісі тасада жүріп танылып, желі жұлдызына айналған жанды тауып, тілдескен.

Михаил Әбуов балабақша кезінен-ақ өнерге жақын болған. Талай рет сахна төріне шығып, ән шырқаған. Ал домбыра тартуды 8 жасынан бастап үйренген екен.

"Анамның айтуынша, мен кішкентай кезімде теледидардан үнемі айтыс көреді екенмін. Бәлкім, бәрі содан басталған шығар деп ойалаймын", - дейді ол.

Михаилды кейін ата-анасы музыка мектебіне берген. Содан бері Михаил домбырадан ажырамағанын айтады.

"Музыка мектебіндегі алғашқы ұстазым болған Күләш Керейбаеваға шынайы ризашылығымды білдіремін. 5 жыл ішінде мені нағыз музыкант етіп "баптап" шығарды. Үйрену процессі қиын болған жоқ, тек спортпен қатар алып жүргендіктен, уақыт жағынан ыңғайсыздық тудырды. Соған қарамастан мектепті қызыл дипломға аяқтадым.

Қазір туыс-достарымның өтініші бойынша жұмыста домбыра тартамын. Ара-тұра Қазақстан халқы Ассамблеясының шақыруымен үлкен сахнада өнер көрсетемін. Араласатын ортам менің домбырада жақсы ойнайтынымды біледі. Онша таңғалмайды. Алайда бірінші рет естіп, көргендер таң-тамаша болады", - дейді өнерлі жігіт.

Михаил қазір Астанадағы беделді қонақүйлердің бірінде аспазшы болып жұмыс істейді.

Ол машақаты көп жұмысына қарамастан, әрдайым музыкаға аз да болса уақыт табатынын айтады. Желіде кең таралған әлгі видеода оның бос уақытында сол аспаз әріптестеріне ойнап берген сәті таспаланған. Бұл видео миллионнан астам қаралым, 76  мың лайк, 3 мыңнан астам пікір жинаған.

"Домбыра – менің медитациям. Ұлттық аспабымызды шерткенде демалып, өзімді еркін сезінемін. Мектепте үйреткен көп күйді қалай тарту керек екенін ұмытып қалдым. Әзірше ең танымалдары "Балбырауын", "Ерке сылқым", "Адай", "Әлқисса", "Аққу" күйлерін тартып жүрмін. Негізі ішекті аспаптардың барлығында ойнай аламын. Мұны болашақта балаларға да үйретуді қалар едім. Әрине, егер мүмкіндік болса", - дейді ол.

Айта кетейік, 22 жастағы Михаил қазақ тілінде де еркін сөйлейді. Қазақ тілін үйренуге анасы себепші болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2048782-menin-meditaciyam-balbyrauyn-kuiin-oryndap-zurtty-tanti-etken-aspazsy-mixail-dombyrany-qalai-uirengenin-aitty/

pixel