Қазақстандық полицей жуырда шыққан ресейлік сериалға байланысты ата-аналарға үндеу жасады
Жарияланған күні:
Читать на русскомРесейлік "Слово пацана" сериалы шыққаннан кейін Алматы облысы Қарасай аудандық полиция бөлімінің бастығы жасөспірімдердің ата-аналарына үндеу жасады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ полиция өкілінің Instagram парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы облысы Қарасай аудандық полиция бөлімінің бастығы Елзат Қанатұлының айтуынша, "Слово пацана. Кровь на асфальте" сериалында жасөспірімдер арасындағы және мектеп қабырғасындағы "қылмыстық романтика" насихатталады.
Сондай-ақ сериалда зорлық-зомбылық, алкогольдік ішімдік ішу, арсыздық пен заң бұзушылық көріністері көп.
"Сюжетке назар аударсақ, басты кейіпкерлер – мектеп оқушылары. Шамасы, фильмнің мақсатты аудиториясы жасөспірімдер болса керек. Бұл жерде "18+" шектеуін қоюдың мәні жоқ, себебі бала тыйым салынған дүниеге қол жеткізуге құмар", – деп жазды ол.
Осы орайда тәртіп сақшысы ата-аналар мен мектеп мұғалімдерін балалардың тәртібін қадағалауға шақырды.
"Жастар арасындағы қылмыс санының өсуіне жол бермеу үшін бар күшімізді салу керек. Осы киноның әсерінен көптеген жасөспірім сериал кейіпкерлеріне ұқсағысы келеді, бұл олардың тағдырына әсер етуі мүмкін. Біз ертең түрмелердің жанында сөмке ұстаған аналарды көрмеу үшін қазірден бастап жасөспірімдерге өмірін құртуға жол бермеуіміз қажет", – деп қосты Елзат Қанатұлы.
Сондай-ақ полиция басшысы "төбелес, ішімдік, қылмыстық топтар" жақсы дүние емес екенін атап өтті.
"Бұл жерде ешқандай романтика, әсем көрініс, батырлық жоқ. Мұнда қан, тер, азап пен қасірет қана бар. Біз жастар үшін жауаптымыз. Бүгін әрекет етпесек, ертең адасқан ұрпақ өседі. Ал еліміздің болашағы – өзіміз тәрбиелеп жатқан жас ұрпаққа байланысты", – деп түйіндеді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2049073-qazaqstandyq-policei-zuyrda-syqqan-reseilik-kinoga-bailanysty-ata-analarga-undeu-zasady/