Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қуаңшылықтан зардап шеккен шаруалар Тараз әкімдігіне қурап қалған жүгері әкелді (видео)

Опубликовано:

Қуаңшылықтан зардап шеккен шаруалар
Қуаңшылықтан зардап шеккен шаруалар. Фото: КТК телеарнасы

Биыл қуаңшылықтан зардап шеккен Жамбыл облысындағы шаруалар төтенше жағдайға бөлінген өтемақыны ала алмай отыр. Олар Жамбыл ауданы әкімдігі қурап қалған алқаптарды тіркеп, арнайы есеп жүргізбегенін айтады. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Телеарна мәліметінше, егін науқаны басталғанда Қаратау ауылының диқандары жергілікті құс фермасынан қаржы алып, күзде өнім өткізуге келісім жасасыпты. Шығынға ұшыраған шаруалар енді кепілге қойылған үйімізден айырылып қаламыз ба деп дабыл қағып отыр. Қазан айында жиналып, қамбаға түсуге тиіс жүгері алқаптарда қурап жатыр.

Өйткені қуаңшылыққа қатысты комиссия келіп тексермейінше, өнімді жинамауға нұсқау берілген. Алайда арада айлар өтсе де, өтемақыдан хабар жоқ. Осылайша шаруалардың ала жаздай еңбегі, төккен тері далада қалып, шаш етектен шығынға батып отыр.

Биыл ондаған гектар жерге соқа салған Жандәулет Төлепбаев ағын судың азабын тарттым дейді. Жоғары сұрыпты жүгері алқабы шіліңгір шілдеде қурай бастаған. Диқанның айтуынша, "Қазсушар" мекемесі келісілген көлемдегі суды жеткізбеген. Уақытында ылғал берілмеген соң, бау-бақшаның бойы өспей, қауызы босап қалыпты. Ал үйін кепілдікке қойып қарыз алған шаруа жергілікті құс фермасына өнім өткізе алмай отыр.

"Аудан әкімдігі тарапынан мамандар келді, сол кезде төтенше жағдай жарияланады, өнімдеріңізді комиссия келіп тексереді, комиссия сол уақытқа дейін өнімдеріңізді жинамаңыздар деді. Біз соған сеніпәлі жинаған жоқпыз. Өнімнің бәрі далада жатыр, жалғыз менікі емес. Ал келетін комисия да жоқ. Құрылған тәуелсіз топ та жоқ. Өнімнің бәрі далада қалды, міне", - дейді шаруа қожалағының жетекшісі Жандәулет Төлепбаев.

Ауыл тұрғындары биыл үш мың гектар жерге бау-бақша еккен. Ал арнайы құрылған комиссия ауылдағы бірнеше шаруашылықтың ғана жағдайымен танысқан. Алайда облыс әкімдігіне қураған алқаптар туралы есеп жетпегені айтылады.

"Ауылшаруашылығы бөліміне барып, "менің ақшам неге бөлінбей жатыр" деп сұрасам, "сіздердің ауданда қураған жер жоқ екен, бізге аудандық бөлім солай қағаз берді, егер ауданнан төленеді деп қағаз жіберсе, ақшаңызы төлеп береміз" деді. Ал менің қағазымның бәрі ол жақта бар. Жанашырлық жоқ, халыққа, шаруаға деген. Аудан тарапынан, облыс тарапынан еш жақсылық көріп тұрған жоқпын", - дейді Нұрғазы Омарқұлов, шаруа қожалығының жетекшісі: .

Амалы таусылған шаруалар күйіп кеткен өнімдерін алып облыс әкімдігінің алдына келген. Жауапты мамандар өтемақыға қатысты аудан әкімдігі тарапынан тиісті ұсыныс түспегенін айтып жауап берген. Ол Жамбыл ауданынан алынған өнім мал азығына жарағандықтан, өтемақы төлеуге жатпайды дейді.

"Ол мүлде ештеңе алмай қалған жағдайда. Егер мал азығына жинап алған болсаңыз, мал азығы да құны бар дүние ғой, ол да өнім болып саналады. Сол себепті ондай алқаптар кірген жоқ. Біз облыстағы бүкіл егістік алқабын кіргізген жоқпыз ғой", - дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібеков.

Әкімдік алдына алып-ұшып жеткен аудан әкімі бар кінәні шаруалардың өзіне тақты. Оның айтуынша, диқандар егістікті мамыр айында ғана еккен. Бұл да өтемақы төлемеуге негіз болады дейді. Ал шаруалар енді қураған алқаптар туралы ақпаратты жасырған аудан әкімдігін сотқа бермекші.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2049329-quansylyqtan-zardap-sekken-sarualar-taraz-akimdigine-qurap-qalgan-zugeri-akeldi-video/

pixel