Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Щучье қаласында жылу батареяларынан су емес, мазут аққан

Опубликовано:

Щучье қаласы
Жылу батареясы. Видеодан кадр: КТК арнасы

Ақмола облысының Щучье қаласында жылу батареяларынан су емес, мазут ағып тұр. Тұрғындар құбырда жиналған ауаны шығармақ болып, бұрандаларын ашқанда қап-қара, ыстық қоймалжың атқылаған, деп хабарлайды КТК арнасы.

КТК арнасының мәліметіне сүйенсек, тұрғындар құзырлы орындарға да, жауапты мекеме басшыларына да хабар бергенімен, көмекке ешкім келмеген. Дәл осы жағдай №8 мектепте де болған. Оқушылар екі күннен бері қашықтан оқып жатыр.

Арна мәліметіне сүйенсек, қазір қалада қай пәтерге барса да, жылу батареясынан қоймалжың сұйықтық ағып тұр. Сасық иісі қолқаны жарады. Қалада бұл жағдай үш күн бұрын басталған. Щучьеліктер жылу батареясының бұрандасын ашып көрмек болғанда қап-қара қоймалжың сұйықтық жан-жаққа шашыраған. Тіпті қара май жұғып, үй жиһаздары бүлінген. Иісі керосин сияқты сұйықтық атқылағанын олар бір-бірінен естіп, жаппай жылу батареяларын тексерген. Бар бәле қаланы мазутпен жылытатын қазандықтан екенін сезген. 

"Міне, қараңыздар, не деген сұмдық! Мынаны қайда төгуге болады? Қара май сияқты, құбырдың бәрін бітеп тастайды ғой. Жылу дұрыс болмаған соң, осылай бұранданы ашып ауа шығарамыз. Бірақ мұндайды көрмеппін. Коммуналдық қызметке де, әкімдерге айттық. Оларға керек емес", - деді қала тұрғыны.

Өңірде мектеп оқушылары осы жағдайға байланысты екі күннен бері қашықтан оқып жатыр.

КТК арнасының мәлімете сүйенсек, мазут мектептің де батареяларын бітеп тастап, ғимарат суып кеткен. Сондықтан оқушыларды үйіне жіберіп, жылу беретін кәсіпорын құбырды тазартуға көшкен. Ал жылу беретін компания бесінші қабатқа дейін жеткен мазутты жеңіл-желпі апатқа теңеп тұр.

"Бу беретін құбыр жарылып, жылу жүйесіндегі суға мазут қосылып кеткен. Әрине, сондай көп жағармай кеткен жоқ, жеңіл-желпі апат. Қазір мектептің құбырын жуып, тазартып жатырмыз. Ал үйлердегі жылу жүйесіндегі мазут су айдаған кезде өз бетімен кетуге тиіс. Одан келетін қауіп жоқ", - деді "Жаңа тұрмыс" ЖШС директорының орынбасары Асхат Ілдебаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2049528-shhuce-qalasynda-zylu-batareyalarynan-su-emes-mazut-aqqan/

pixel